На головну

Мемлекет және құқық теориясы: оқу құралы 3 страница

  1. 1 страница
  2. 1 страница
  3. 1 страница
  4. 1 страница
  5. 1 страница
  6. 1 страница
  7. 1 страница

2. Мемлекеттерді типке бөлудегі формациялық тәсіл. Формациялық тәсілдің шегінде негізгі талап ретінде әлеуметтік-экономикалық факторлар, яғни, қоғамдық-экономикалық формация орын алады. Бұл тәсіл тұрғысынан мемлекет типі қоғамның экономикалық базисімен тығыз байланысты қоғамдық құрылымға сәйкес мемлекеттің өзара тығыз байланысты белгілерінің жиынтығы ретінде анықталады. Экономикалық базистің типтеріне қарай мемлекеттің төмендегідей типтерін бөліп қарастырады: құлиеленушілік, феодалдық, буржуазиялық және социалистік мемлекеттер.

Бұл типологияның артықшылықтары болып екі мәселе табылады: мемлекеттерді әлеуметтік-экономикалық негізінде бөлу идеясы өте дұрыс, себебі, шынымен де бұл факторлар қоғамға зор әсерін тигізеді, ол мемлекеттің дамуының табиғи-тарихи сипатын, кезеңділігін көрсетеді. Ал формациялық теорияның әлсіз жағы оның тарихтың әртүрлі сипаттарын ескермеуінен және рухани факторларды бағаламауынан көрінеді.

3. Мемлекеттерді типке бөлудегі өркениетті тәсіл. Өркениетті тәсіл шегінде негізгі талаптар ретінде рухани факторлар- мәдени, діни, ұлттық және т. б. факторлар орын алады. Өркениет-бұл қоғамның діни, ұлттық, географиялық және тағы да басқа белгілерінің ортақтығымен ерекшеленетін тұйық және локальды сипаты. Өз дамуында өркениет бірнеше кезеңдерден өтеді:

І кезең -локальды өркениеттер, олардың әрқайсысының өзара байланысты әлеуметтік институттары, оның ішінде мемлекет те, болады (ежелгіегипеттік, шумерлік, үнділік, эгейлік және т. б. өркениеттер).

ІІ кезең-белгілі бір мемлекет типтерімен байланысты ерекше өркениеттер (үндлік, қытайлық, батыс еуропалық, исламдық және т. б. өркениеттер).

ІІІ кезең- өз мемлекеттілігімен ерекшеленетін қазіргі кезгі өркениеттер, бұл өркениеттер енді-енді қалыптасып келе жатыр, бұларға әлеуметтік-саяси құрылымдардың дәстүрлі және қазіргі кезгі түрлерінің қатар өмір сүруі тән.

Өркениеттер мен олардың мемлекеттіліктерін типке бөлудің басқа да негіздері бар: хронологиялық, генетикалық, діни жән т. б.

9 тақырып. ҚОҒАМНЫҢ САЯСИ ЖҮЙЕСІ

1. Қоғамның саяси жүйесінің түсінігі.

2. Саяси жүйелердің түрлері.

3. Қоғамның саяси жүйесіндегі мемлекеттің орны мен рөлі.

1. Қоғамның саяси жүйесінің түсінігі. Қоғамның саяси жүйесі-бұл белгілі бір саяси функцияларды атқарушы мемлекеттік және мемлекеттік емес әлеуметтік институттардың жүйесі. Мұндай институттардың қатарына қоғамдық өмірдің билікке байланысты саласына қатысушы мемлекет, партиялар, кәсіптік одақтар және басқа да ұйымдар мен қозғалыстар жатады. Саяси жүйе сыртқы және ішкі саясаттың жүзеге асуын қамтамасыз етеді, әлеуметтік топтардың мүдделерін қалыптастырады, білдіреді және қорғайды. Оның сипаты, ең алдымен, осы саяси жүйенің пайда болған және қызмет ететін әлеуметтік ортасы арқылы анықталады:

1. Еңбек нәтижелері саналы түрде мемлекеттік ұйымдасқан адамдардың ерекше тобымен бөлінетін әлеуметтік орта. Мұндай ортада меншіктің мемлекеттік және қоғамдық түрлері орын алады; өзіндік меншікке рұқсат берілуі мүмкін, ал жеке меншік мүлдем болмайды. Мұндай саяси жүйелерде мемлекеттік билік қоғамның экономикалық өміріне тоталитарлы түрде араласады; мемлекет идеологиясынан өзгеше ойлау басып-жаншылып отырады; мемлекеттік идеология, дін, мәдениет, білім, ғылым қалыптасады. Билікте тек бір саяси партия болады.

2. Әлеуметтік ортаның екінші түрі қоғамның экономикалық өмірінің нарықтық-ақшалық негізіне, еркін кәсіпкерліктің тәжірибесі мен идеологиясына негізделеді. Мұндай саяси жүйелерде мемлекет нарықтық экономика үшін жағдайларды ұйымдастырушы ретінде көрініс табады, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етеді. Мұндай жүйеде партиялар билікті сайлау кампанияларына қатысу арқылы жаулап алуға тырысады; құқықтық нысандар саяси мақсаттарға жетудің негізгі құралына айналады.

3. Әлеуметтік ортаны ұйымдастырудың үшінші түрі-аралас түр, ол конвергенция деген атқа ие болды. Конвергенциялық саяси жүйелер бір әлеуметтік ортадан екінші әлеуметтік ортаға өту кезінде пайда болады. Конвергенциялық саяси жүйелерге әртүрлі мақсаттағы және мазмұндағы көптеген саяси институттардың араласуы тән болып келеді.

2. Саяси жүйелердің түрлері. Саяси жүйелердің пайда болатын әлеуметтік ортасының сипатына қарай мынадай саяси жүйе түрлері болады: тоталитарлық, либералдық-демократиялық және аралас жүйелер; ал өзара байланысу сипатына қарай ашық және жабық саяси жүйелер болады.

3. Қоғамның саяси жүйесіндегі мемлекеттің орны мен рөлі. Мемлекет саяси жүйеге белгілі бір жекелеген органдары арқылы емес, өзіндік бір саяси, аумақтық, құрылымдық бөлік ретінде кіреді. Ол өз функцияларын басқа әлеуметтік инстиуттармен, партиялармен, кәсіптік одақтармен, жергілікті басқару органдарымен бірлесе отырып атқарады. Ол саяси жүйеде жетекші рөлді иеленген, себебі:

а) оның аумақтық шекараларында азаматтық белгісі бойынша біріккен халықтың жалғыз ресми өкілі рөлін атқарады;

ә) егемендіктің жалғыз иесі болып табылады;

б) қоғамды басқаруға бағытталған әлеуметтік аппараты болады;

в) қарулы құрылымдары болады;

г) құқықшығармашылыққа қатысты монополияға ие;

д) материалдық құндылықтардың ерекше жиынтығына (мемлекеттік меншік, бюджет, валюта және т. б.) ие.

10 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ

1. Құқықтық мемлекеттің түсінігі және қағидалары.

2. Биліктің тармақтарға бөлінуі құқықтық мемлекеттің қағидасы ретінде.

3. Мемлекет пен тұлғаның өзара жауапкершілігі.

1. Құқықтық мемлекеттің түсінігі және қағидалары. Құқықтық мемлекет-бұл адам мен азаматтың құқықтар мен бостандықтарының толық түрде қамтамасыз етілуіне және құқықбұзушылықтарды болдырмау мақсатында мемлекеттік билікті құқықпен мейлінше байланыстыруға жағдай жасаушы саяси билік ұйымы.

Құқықтық мемлекеттің мәнін қарастыруда оның негізгі екі жағын (екі негізгі қағиданы) бөліп қарастыруға болады:

1) мазмұнды жағы- адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мейлінше толық көлемде қамтамасыз етуден, тұлға үшін құқықтық ынталандыру режимін орнықтырудан көрінеді;

2) формальды-заңды жағы-мемлекеттік билікті құқықпен байланыстырудан, мемлекеттік құрылымдар үшін құқықтық шектеу режимін орнықтырудан көрінеді.

Сонымен қатар, құқықтық мемлекеттің қағидасына мыналар да жатады:

- билікті заңсыз пайдалануды болдырмау мақсатында оны заңшығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөлу;

- заңның үстемдігі, яғни, биліктің жоғары органымен барлық конституциялық тәртіптерді сақтай отырып қабылданған заң атқарушылық билік актілерімен жоққа шығарылуы, өзгертіліуі және тоқтатылуы мүмкін емес;

- мемлекет пен тұлғаның өзара жауапкершілігі;

- қоғамдағы құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейі;

- азаматтық қоғамның болуы және тарапынан құқық субъектілерінің заңдарды орындауына бақылау жүргізілуі.

2. Биліктің тармақтарға бөлінуі құқықтық мемлекеттің қағидасы ретінде. Бұл қағиданы алғаш рет Д. локк пен Ш. монтескье ұсынған болатын. Қағиданың басты талабы-саяси бостандықты бекіту, заңдылықты қамтамасыз ету және белгілі бір әлеуметтік топтың, мекеменің немесе жеке тұлғаның билікті асыра пайдалануын болдырмау үшін мемлекеттік билікті заң шығарушылық (халық сайлайтын және қоғамды дамытуды заңдар қабылдау жолымен жүзеге асыруға бағытталған), атқарушылық (биліктің өқілдік органы тағайындайтын және заңдар мен оралымдық-шаруашылық қызметті жүзеге асырумен айналысатын) және сот (бұзылған құқықтарды қалпына келтірудің, кінәлілерді әділетті түрде жазалаудың кепілі болып табылатын) биліктері деп бөлу қажет. Және осы әр бір билік түрлері дербес және бір-бірін тежей отырып, өз функцияларын органдардың ерекше жүйесі арқылы және арнайы нысандарда жүзеге асыруы тиіс.

Констиуцияда бекітілген «тепе-теңдік және тежемелік жүйесің заң шығару, атқарушы, сот билігінің нақты бір билік түріне қатысты құқықтық шектеулерінің жиынтығын білдіреді. Мысалы, заң шығару билігіне қатысты тежемелік жүйесінде ерекше рөлді Президент иеленген, ол заң шығарушыға қатысты вето құқығын иеленеді; атқарушы билікке қатысты тежемелік сипатта болып президент өкілеттіктерінің мерзімі, импичмент, сенімсіздік вотумы, атқарушы органдардың жауапты қызметкерлеріне заңшығарушылық құрылымға сайлануға тыйым салу, коммерциялық қызметпен айналысу табылады; сот билігі үшін конституцияда көрініс тапқан құқықшектеуші құралдар болып мыналар табылады: кінәсіздік презумпциясы, қорғану құқығы, азаматтардың заң мен сот алдындағы теңдігі, іс жүргізудің жариялылығы мен жарыспалылығы, соттарға отвод жариялау және т. б.

3. Мемлекет пен тұлғаның өзара жауапкершілігі. Бұл құқықтық мемлекеттің дербес қағидасы болып табылады. Бұл саяси билікті шектеудің өзінше бір тәсілі, ол сасяи биліктің иесі ретіндегі мемлекет пен оны жүзеге асырудың қатысушысы ретіндегі азаматтың арасындағы қарым-қатынастардың адамгершілік-заңды бастамаларын көрсетеді. Қоғам мен тұлғаның бостандығын заңшығарушылық нысанда бекіте отырып, мемлекет өз шешімдері мен әрекеттерінде белгілі бір шектеулерді иеленеді. Заң арқылы ол өзінің азаматтармен, қоғамдық ұйымдармен, басқа мемлекеттермен қарым-қатынастарындағы әділеттілік пен теңдікті қамтамасыз ететін міндеттемелерді өз мойнына алуы тиіс.

Құқыққа бағына отырып, мемлекеттік органдар ондағы ережелерді бұза алмайды және осы міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылады. Заңның мемлекеттік билік үшін міндеттілігі әкімшіліктік қателіктерді болдырмауға бағытталған кепілдіктер жүйесімен қамтамасыз етіледі. Оларға Үкіметтің өкілдік органдардың алдындағы жауапкершілігі, мемлекеттің кез-келген деңгейдегі лауазымды тұлғаларының нақты бір тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын бұзғандығы, билікті асыра пайдаланғаны, қызметтік жағдайын асыра пайдаланғаны үшін тәртіптік, азаматтық-құқықтық және қылмыстық жауапкершілігі, импичмент және т. б. жатады.

Жалпы қауымның мемлекеттік құрылымдардың өз міндеттерін орындауды бақылауының нысандары болып референдумдар, депуттардың сайлаушылар алдында есеп беруі және т. б. табылады.

Тұлғаның мемлекет алдындағы жауапкершілігі де дәл осы құқықтық бастамалар негізделеді. Мемлекеттік мәжбүрлеуді қолдану құқықтық сипатта болуы, ол тұлғаның бостандығын бұзбауы және жасаллған құқықбұзушылықтың ауырлығына сай болуы тиіс. Сонымен, мемлекет пен тұлғаның арасындағы қарым-қатынастар өзара жауапкершіліктің негізінде жүзеге асырылуы тиіс.

11 тақырып. МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ

1. Мемлекет пен қоғамның өзара қатынасы.

2. Азаматтық қоғамның түсінігі және құрылымы.

1. Мемлекет пен қоғамның өзара қатынасы. Қоғам-бұл, кең мағынада, адамдардың бірлескен қызметінің тарихи қалыптасқан нысандарының жиынтығы немесе, тар мағынада, әлеуметтік жүйенің тарихи нақты типі, қоғамдық қатынастардың белгілі бір нысаны.

Мемлекет-бұл саяси биліктің саяси-аумақтық, егеменді түрде ұйымдастырылуы. Қоғам мен мемлекет-әртүрлі түсініктер. Біріншісі екіншісіне қарағанда кең болып келеді, себебі, қоғамда мемлекетпен қатар мемлекеттік емес құрылымдар да (саяси партиялар, саяси қозғалыстар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, еңбек ұжымдары және т. б.) болады. Мемлекет қоғамның саяси бөлігі, элементі болып табылады.

Мемлекет қоғамда орталық орынды және басты рөлді иеленген. Мемлекеттің сипаты бойынша бүкіл қоғамға. Оның мәніне сипаттама беруге болады. Мемлекет қоғамға қатысты оның істерін шешу, басқару құралы рөлін атқарады. Қоғам мен мемлекеттің хронологиялық шектері де әртүрлі болып келеді: біріншісі екіншісіне қарағанда ерте пайда болған және бай даму тарихына ие. Дамыған қоғамның негізінде пайда болған мемлекет оған қатысты салыстырмалы түрдегі дербестікті иеленеді.

2. Азаматтық қоғамның түсінігі және құрылымы. «Азаматтық қоғамң түсінігін Аристотель, Цицерон, Гроций, Т. гоббс, Дж. локк, Гегель, Маркс және т. б. ойшылдар қалыптастырған. Барлық ғалымдар азаматтық қоғамдағы негізгі идея ретінде адам идеясын таниды. Азаматтық қоғам-бұл олардың көмегімен жеке тұлғалар мен топтардың мүдделері қанағаттандырылатын адамгершілік, діни, ұлттық, әлеуметтік-экономикалық, отбасы институттары мен қатынастарының жиынтығы.

Азаматтық қоғамның құрылымына мыналар кіреді:

1) мемлекеттік емес, әлеуметтік-экономикалық қатынастар мен институттар (меншік, еңбек, кәсіпкерлік);

2) мемлекеттен тәуелсіз өндірушілердің жиынтығы (жеке фирмалар және т. б.);

3) қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер;

4) саяси партиялар мен қозғалыстар;

5) тәрбиелеу мен мемлекеттік емес білім беру саласы;

6) мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарының жүйесі;

7) отбасы;

8) шіркеу және т. б.

Азаматтық қоғамның белгілері:

- адам мен азаматтың құқықтар мен бостандықтарының мейлінше толық қамтамасыз етілуі;

- өзін-өзі басқару;

- оның құрылымдары мен адамдардың әртүрлі топтарының бәсекелестігі;

еркін түрде қалыптасатын қоғамдық көзқарас пен плюрализм;

- жалпы ақпараттану мен адамның ақпаратпен танысу құқығының шын мәнінде жүзеге асырылуы;

- өмір сүру координация қағидасына негізделеді (мемлекеттік аппарат кезінде субординация қағидасы үстемдік құрады);

- экономиканың көпжақтылығы;

- биліктің заңды және демократиялық сипаты;

- құқықтық мемлекет;

- адамдардың жақсы өмір сүру жағдайын қамтамасыз ететін мемлекеттің күшті әлеуметтік саясаты және т. б.

12 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҢ ПАЙДА БОЛУЫ

1. Мемлекетке дейінгі кезеңдегі нормаларға жалпы сипаттама. Мемлекетке дейінгі әлеуметтік нормалардың ерекшелігі болып олардың адамдардың күнделікті өміріне сіңе отырып рудың, тайпаның әлеуметтік-экономикалық біртұтастығын көрсетуі және қамтамасыз етуі табылды. Бұл еңбек құралдарының жетілмегендігімен, оның өндіру деңгейінің төмендігімен байланысты болды. Осыдан барып бірлесіп өмір сүру, қоғамдық меншікті қалыптастыру, өнімдерді теңдік негізінде бөлу қажеттігі туындады, ал бұл жағдай, өз кезегінде, алғашқы қауымдық қоғам нормаларының табиғатына әсерін тигізді.

Мемлекетке дейінгі кезеңде болған нормалардың белгілері:

1) алғашқы қауымдық қоғамдағы қарым-қатынастар ең алдымен әдет-ғұрып нормаларымен, яғни, ұзақ уақыт бойы қолдану нәтижесінде әдетке айналған, тарихи қалыптасқан жүріс-тұрыс ережелерімен реттелген;

2) жазбаша нысандағы көрінісі болмастан, адамдардың жүріс-тұрысы мен санасында өмір сүрген;

3) әдеттің, сонымен қатар, сендіру және мәжбүрлеу (рудан қуу) шараларымен қамтамасыз етілген;

4) оларда негізгі реттеу тәсілі болып тыйым (табулар жүйесі, құқықтар мен міндеттердің болмауы) табылған;

5) олар ру мен тайпаның барлық мүшелерінің мүдделерін білдірген.

2. Құқықтың пайда болуының ерекшеліктері. Құқық әлеуметтік институт ретінде мемлекетпен бірге пайда болады, себебі, көп жағдайда олар бір-бірінің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттің құқықсыз өмір сүре алмайтыны секілді, құқық та мемлекетсіз өмір сүре алмайды: құқық мемлекеттегі с аяси билікті ұйымдастырса, мемлекет заң нормаларын орнықтырады, қолданады және оларға кепілдік береді.

Құқық тарихи тұрғыда таптық құбылыс ретінде пайда болып, ең алдымен, экономикалық үстемдік құрушы таптардың еркі мен мүдделерін білдірді. Егер әдет-ғұрыптар адамдардың санасы мен жүріс-тұрысында бекітілсе, құқықтық нормалар жалпыға мәлім болу мақсатында жазбаша рәсімделе басталды. Құқықтың пайда болуы-әлеуметтік байланыстардың күрделенуінің, қоғамдағы қарама-қайшылықтардың таралуын әлеуметтік нормалардың реттей алмауының салдары.

Құқықтық нормалар негізгі үш жолмен қалыптасты:

1) мононормалардың (алғашқы қауымдық әдет-ғұрыптардың) әдет құқығының нормаларына айналуы және осыған байланысты оларды мемлекеттің санкциялауы;

2) құқық нормаларынан құралған арнайы құжаттарды-нормативтік актілерді-шығарудан көрініс тапқан мемлекеттің құқықшығармашылық қызметі;

3) сот және әкімшілік органдарымен қабылданатын нақты шешімдерден құралған және басқа да ұқсас істерді шешуде үлгілік сипатты иеленетін прецеденттік құқық.

13 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҢ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ МӘНІ

1. Құқықтың түсінігі және белгілері.

2. Құқықтың мақсаты.

3. Құқықтың құндылығы.

4. Құқықтың мәні.

5. Құқықтың объективтік және субъективтік мағынадағы түсінігі. Табиғи құқық. Позитивтік құқық. Бұқаралық және жеке құқық.

6. Құқық қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеуші ретінде.

1. Құқықтың түсінігі және белгілері. Құқық-бұл қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, мемлекетпен орнықтырылатын және қамтамасыз етілетін, жалпыға міндетті, формальды анықталған заң нормаларының жүйесі.

Құқықтың белгілері:

еріктілік сипаты;

жалпыға міндеттілігі;

нормативтілігі;

мемлекетпен байланысы;

формальды анықталғандығы;

жүйелілігі.

2. Құқықтың мақсаты. Құқықтың қоғамдық жоғарғы мақсаты қоғамдағы бостандықты нормативтік тәртіпте қамтамасыз етуінен және кепілдеуінен, әділеттілікті қалыптастыруынан, қоғамдық өмірден қателіктер мен өз бетімен кетушіліктерді жоя отырып, қоғамдағы экономикалық және рухани факторлардың әрекет етуіне мейлінше жағдай жасауынан көрініс табады.

3. Құқықтың құндылығы-бұл құқықтың азаматтардың және жалпы қоғамның әлеуметтік әділетті қажеттіктері мен мүдделерін қамтамасыз ету құралы мен мақсаты ретінде қызмет ете алу қабілеті. Құқықтың әлеуметтік құндылығының төмендегідей негізгі көріністерін атап өтуге болады:

1) құқық адамдардың әрекеттеріне ұйымдастырушылықты, тұрақтылықты, үйлесімділікті дарыта отырып, олардың бақылануын қамтамасыз етеді, осы арқылы ол қоғамдық қатынастарға реттеушілік элементін енгізе отырып, оларды өркениетті құбылысқа айналдырады;

2) құқық тұлғалардың ерекше мүдделерін үйлестіру арқылы олардың жүріс-тұрысы мен қызметіне әсерін тигізеді, яғни, құқық жеке мүдделерді басып-жаншымайды, керісінше, оны қоғамдық мүддемен үйлестіреді;

3) құқық тұлғаның қоғамдағы бостандығын көрсетуші және анықтаушы болып табылады және осы бостандықтың шегін, шамасын анықтайды;

4) құқық әділеттілік идеясын көрсету қабілетіне ие, яғни, құқық материалдық игіліктердің дұрыс және әділетті бөлінуінің талаптарын орнықтырады, барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігін бекітеді;

5) құқық қоғамдық дамудың тарихи кезектілігіне сәйкес қоғамның жаңаруының қайнар көзі болып табылады; әсіресе, оның құндылығы тоталитарлық режимдердің құлауы мен жаңа нарықтық механизмдердің бекітілуі жағдайларында өсе түседі;

6) құқықтық тәсілдер халықаралық және ұлтаралық сипаттағы мәселелерді шешудің негізі және жалғыз құралы болып табылады.

4. Құқықтың мәні өркениеттілік жағдайында қоғамдық қатынастарды реттеуден, нормативтік негізде қоғамның тұрақты ұйымдастырылуына жете отырып, демократияның, экономикалық бостандықтың, тұлға бостандығын жүзеге асырылуынан көрінеді.



Мемлекет және құқық теориясы: оқу құралы 2 страница | Мемлекет және құқық теориясы: оқу құралы 4 страница

Булгакова Д. а. | Мемлекет және құқық теориясы: оқу құралы 1 страница | Мемлекет және құқық теориясы: оқу құралы 5 страница | Мемлекет және құқық теориясы: оқу құралы 6 страница | Мемлекет және құқық теориясы: оқу құралы 7 страница | Мемлекет және құқық теориясы: оқу құралы 8 страница | Мемлекет және құқық теориясы: оқу құралы 9 страница |

© um.co.ua - учбові матеріали та реферати