Головна

Аржылық бақылауды ұйымдастыру

  1. ASTANA MOTORS" АҚ қаржылық-экономикалық дамуы
  2. Азақстан Республикасының қаржылық құқығы құқық саласы ретінде.
  3. Азақстандағы екі деңгейлі мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесі
  4. Аржылық бақылауда қолданылатын әдістер
  5. Аржылық бақылаудың мәні мен маңызы
  6. Аржылық бақылаудың түрлері бойынша сыныпталуы

Қаржылық бақылаудың тиімділігі көп жағдайда оны ұғымды ұйымдастырумен, бақылаудың субъектілерін, олардың құқықтары мен міндеттерін айқын етіп анықтаумен, қаржылық бақылауды жүргізудің нысандарын және әдістерін дұрыс ұйымдастырумен анықталады.

Жалпымемлекеттік қаржылық бақылауды мемлекеттік билік пен басқарудың мына органдары жүргізеді: Президенттің аппараты, Қазақстан Республикасының Парламенті, Үкімет, жергілікті өкілетті органдар (депутаттардың жиналыстары), жергілікті әкімшілік органдар. Бақылаудың бұл түрін Республикалық бюджеттің атқарылуына бақылау жасау жөніндегі есеп комитеті де жүргізеді.

Құқықтық мемлекет құрылысының тұжырымдамасын негіздей отырып қаржылық бақылауды жүзеге асырудағы заңнамалық органдардың рөлі күшейе түседі. Сондықтан бақылаудың субъектісі ретінде Қазақстан Республикасы Парламентінің функциясы және бақылаудың тиісті түрі - парламенттік (депутаттық) бақылау бөлектеніп көрсетіледі. Бұл бақылаудың объектісі:

· мемлекеттік бюджеттің шығыстарын шамдандыратын кез келген шараларды бекіткен кездегі;

· бюджеттегі шығыстарды қабылданған заңдардың мақсаттарына сәйкестігін тексеру кезіндегі;

· бюджеттің жасалуына тексеріс кезіндегі мемлекеттің шығыстары болып табылады.

Парламенттің алдын ала бақылауының негізгі мақсаты осы нақты саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайлардағы қарастырылған шығыстардың жалпы тұтастығын анықтау болып табылады. Бюджеттің жасалуына тексеріс сметаларға қамтылған цифрлардың дұрыстығын белгілі бір тұрғыдан қарай отырып жүргізіледі. Сонымен бірге парламент ағымдағы бақылауды және Республикалық бюджет туралы қабылданған заң бойынша қаражаттарды иеленушілердің есебін тексерген кезде, әсіресе келесі бақылауды жүзеге асыруы тиіс. Бұл орайда парламенттік бақылаудың негізгі нысаны алдын ала бақылау болуы тиіс. Қазақстан Республикасының Парламентінде екі Палатада - Сенат пен Мәжілісте арнаулы жұмыс органдары - экономика, қаржы және бюджет жөніндегі комитеттер бар. Бұл органдар заң-жоба жұмыстарын, палаталардың құзырына қатысты мәселелерді алдын ала қарау және әзірлеу процесінде қаржы-бюджет қызметінің сферасында мемлекеттік бюджет қаражаттарының жұмсалуына бақылау жүргізеді. Қаржы-бюджет мәселелері бойынша сараптамалық бағалаулар мен қорытындыларды шаралар қабылдау үшін палаталар тиісті инстанцияларға - министрліктерге, ведомстволарға, сондай-ақ Республика үкіметіне жібереді.

Ел басының жарлықтарының, қаулыларының және өкімдерінің атқарылуын бақылауды ұйымдастыру, аталған актілердің талаптарын лауазымды адамдардың атқармағаны үшін жауапкершілігін күшейту мақсатында Президент аппаратында жұмыс істейтін ұйымдық-бақылау бөлімі бар. Жалпы Президент аппараты министрліктердің, ведомстволардың, жергілікті әкімшіліктердің және мемлекеттік басқарудың басқа органдарының қызметін бақылауды жүзеге асырады. Аппарат Президентке ашылған кемшіліктер мен бұзушылықтарды жою жөнінде қабылданған шаралар туралы хабарлап отырады, Президент актілерін тиісті тәртіппен орындамаған кінәлі лауазымды адамдарды жауапқа тарту жөнінде ұсыныстар жасайды; Президент актілерінің атқарылмауына немесе тиісті тәртіппен атқарылмауына мүмкіндік туғызатын ашылған бұзушылықтарды, себептерді және талаптарды жою жөніндегі ұсыныстарды қарау үшін Үкіметке, әкімшілік басшыларына, мемлекеттік басқарудың басқа органдарына табыс етіп отырады. Өзінің функцияларын жүзеге асыруда Аппаратқа тексерілетін органдардың басшылары мен лауазымды адамдарынан қажетті ақпараттарды алуға тиісті өкілеттік берілген.

Республикалық бюджеттің атқарылуына бақылау жасау жөніндегі есеп комитетінің негізгі міндеттері мен функцияларына мыналар жатады:

1. республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі заңдар мен басқа нормативтік актілердің атқарылуына бақылау жасау;

2. республикалық бюджеттің атқарылуымен байланысты мәселелер бойынша мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау;

3. республикалық бюджетке қаражаттардың түсуін және оның пайдаланылуы заңдылығын бақылау;

4. республикалық бюджеттік бағдарламалардың орындалуына және мемлекеттің қажеттіліктерін қаржыландыруға бөлінетін республикалық бюджеттің қаражаттарын мақсатты пайдалануға бақылау жасау;

5. Қазақстан Республикасының Парламентіне қарауға республикалық бюджеттің орындалуы туралы есепті тапсыру.

Қазақстан Республикасының Үкіметіне бақылау сферасында кең өкілеттіліктер берілген. Үкімет республика дамуының индикативтік жоспарын, экономиканың сфералары мен секторларының, салалардың, аймақтардың даму бағдарламаларын, инвестициялық қызметтің маңызды бағыттарын жасап, қарау процесінде алдын ала бақылауды жүзеге асырады. Көрсетілген іс-қимылдардың орындау барысында Үкімет олардың жүзеге асырылуының, сондай-ақ ауқымы, мезгілдігі, атқарушылары бойынша мақсатты қаржыландырудың толымдылығына ағымдағы бақылау жасайды. Республика Үкіметі мемлекеттік бюджеттің жасалуы мен атқарылуын бақылап отырады, мемлекеттің қаржы саясатын жүзеге асырады.

Өздерінің өкілеттігіне қарай бақылау функцияларын жергілікті жердегі атқарушы органдар орындайды, олар негізінен бюджеттерді, олардың атқарылуы туралы есепті қарау және бекіту процесінде қаржылық бақылауды жүзеге асырады.

Қаржы министрлігі, оның Қаржылық бақылау комитеті және аумақтық қаржы органдары әлеуметтік-экономикалық сфераның қаржы саласын тексереді. Олар жоспар, смета және қаржы тәртібінің сақталуын, кірістерді есептеудің дұрыстығын, толымдылығын және дер кезділігін, мемлекеттің қаражаттары жұмсалуының заңдылығы мен мақсатқа сәйкестілігін, бухгалтерлік есеп-қисаптың және есептеменің дұрыстығын бақылап отырады. Қаржылық бақылау комитетінің маңызды функциясы бірлескен және шетелдік кәсіпорындарды, экспорт-импорттық операцияларды валюталық бақылау болып табылады.

Мемлекеттік бақылауды Қаржы министрлігінің заңды тұлға құқығындағы Қазынашылық комитеті де орындайды. Қазынашылық органдарының негізгі міндеттерінің бірі республикалық бюджеттің кассалық атқарылуын ұйымдастыру, жүзеге асыру және бақылау болып табылады.

Қаржы министрлігінің Салық комитеті, оның аумақтық органдары есептелген салық және бюджетке төленетін басқа міндетті төлемдердің, өсімдер мен айыппұлдар сомаларының бюджеттерге толық және дер кезінде түсуіне салықтық тексерулерді жүзеге асырады.

Экономика мен қаржы қызметі сферасында қаржы тәртібін сақтауға Қазақстан Республикалық Қаржы полициясының органдары да қатысады. Олар заңмен белгіленген өкілеттіктері шегінде жедел іздестіру қызметін, алдын ала тергеу және анықтау, әкімшілік іс жүргізу арқылы экономика мен қаржы қызметі сферасында адам мен азаматтың құқықтарына, қоғам мен мемлекет мүдделеріне қылмыстық және құқыққа қайшы өзге де қол сұғушылықтың алдын алуға, оны анықтауға, жолын кесуге, ашуға және тергеуге бағытталған құқық қорғау қызметін жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттік органдар болып табылады.

Қаржы полициясы органдарының негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

1. өкілеттігі шегінде мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін, кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің, қоғам мен мемлекеттің заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету;

2. салықтарды төлеуден жалтаруға байланысты қылмыстардың, экономика мен қаржы саласындағы өзге де қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу;

3. экономика саласындағы сыбайлас жемқорлық пен қылмыстыққа қарсы күрес ісінде мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысу;

4. қаржы полициясы органдарының қарауына жатқызылған мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру.

Қаржы полициясының төменгі бөлімшелері жоғарғы тұрғандарына бағынатын бірыңғай орталықтандырылған жүйесі бар.

Қаржы полициясының төменгі бірыңғай жүйесін:

1. мыналарды:

· орталық атқарушы органды (уәкілетті орган);

· қаржы полициясының аумақтық және мамандандырылған органдарын қамтитын қаржы полициясының органдары;

2. оқу органдары және өзге де ведомстволық бағыныштағы мекемелер құрайды.

Облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар қаланың қаржы полициясының тиісті бөлімшелері, сондай-ақ қаржы полициясының аймақаралық, қалалық, қалалардағы аудандық бөлімшелері қаржы полициясының аумақтық органдары болып табылады.

Қаржы полициясының көліктегі тиісті бөлімшелері қаржы полициясының мамандандырылған органдары болып табылады.

Қаржы полициясының аумақтық және мамандандырылған органдары тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде уәкілетті органның функцияларын жүзеге асырады.

Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында экономика және қаржы қызметі сферасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесуі, ашу және тергеу жөніндегі басшылықты, сондай-ақ заңдарда көзделген шектерде салааралық үйлестіруді және өзге де арнайы атқарушылық және рұқсат етушілік функцияларды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы уәкілетті орган болып табылады.

Уәкілетті орган:

1. қаржы полициясының органдары мен ведомстволық бағыныштағы мекемелер қызметінің негізгі бағыттары бойынша олардың іс-қимылына басшылықты, оның үйлестірілуі мен келісімділігін қамтамасыз етеді;

2. қаржы полициясы органдарының жедел іздестіру, әкімшілік, тергеу және анықтау қызметінің практикасына талдау жасайды;

3. экономикалық және қаржылық қылмыстарға қарсы күрестің нысандары мен әдістерін жетілдіреді, жедел іздестіру қызметінің стратегиясы мен тактикасын белгілейді, қаржы полициясы органдары қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды әзірлейді және іске асырады;

4. қаржы полициясы органдары бөлімшелерінің жұмысына бақылау жасайды;

5. Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды;

6. қаржы полициясы органдарының мамандарын даярлауды және кадрларының біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;

7. қаржы полициясы органдары қызметінің басым бағыттарын белгілейді, оларды іске асырудың құқықтық, ұйымдық және экономикалық тектіктерін әзірлейді;

8. экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға қарсы күрес мәселелері бойынша шет мемлекеттердің тиісті органдарымен өзара іс-қимыл жасайды, өз өкілеттіктері шегінде халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысады;

9. заңмен белгіленген өз өкілеттігі шегінде нормативтік құқықтық актілерді қабылдайды.

Уәкілетті органның, оның бөлімшелерінің, сондай-ақ ведомстволық бағыныштағы мекемелері қызметінің негізгі мәселелерін қарау үшін уәкілетті орган басшының жанынан консультациялық-кеңесші орган болып табылатын алқа құрылады.

Барлық деңгейлердің өкілдікті органдары (маслихаттар, депутаттардың жиналыстары) қаржылық бақылауды бюджеттерді және олардың атқарылуы туралы есепті қарау және бекіту процесінде жүзеге асырады. Яғни олар бақылауды екі нысанда - алдын ала және кейінгі нысандарда жүзеге асырады. Ағымдағы бақылау бар болғанымен олардың қызметінде негізгі болып саналмайды. Бақылаудың негізгі әдісі тексерулер болып табылады. Бақылаудың объектісі ақша қаражаттарының жергілікті қорлары болады.

Қаржы органдары жүргізетін бақылау барлық нысанда жүзеге асырылады және де алдын ала және ағымдағы бақылау оның айрықша нысаны болып табылады. Бақылаудың негізгі әдістері тексерулер және есептемені шоттық тексеру. Салалық басқармалардың (бөлімдердің) мамандары тексеріске ревизиялық бригадалар құрамында тартылады.

Ведомстволық қаржылық бақылауды республика министрліктері, ведомстволары, жергілікті органдардың басқармалары мен бөлімдері ведомстволарға қарасты кәсіпорындарға, ұйымдарға, мекемелерге жүргізеді.

Ведомстволық қаржылық бақылау алдын ала, ағымдағы және кейінгі бақылау нысанында жүзеге асырылады. Бақылаудың негізгі әдістері қаржы жоспарларының жобаларын қарау, тексерістер мен тексерулер болып табылады. Бақылау объектісі ақшалай қаражаттардың орталықтандырылмаған қорлары болады.

Ішкішаруашылық бақылауды шаруашылық жүргізуші субъектілердің экономикалық службалары жүргізеді. Бұл орайда бас бухгалтер маңызды рөл атқарады. Мұнда субъектінің өзінің, сондай-ақ оның құрылымдық бөлімдерінің өндірістік және қаржы қызметі бақылаудың объектісі болып табылады. Әр шаруашылық органдарда, жергілікті атқарушы органдарда ішкішаруашылық бақылауды жүзеге асыру үшін бұл қызметтерден басқа бақылау-тексеріс бөлімдері, топтары құрылады. Ішкішаруашылық бақылау қаржылық бақылауға тән барлық нысандарды жүзеге асырылады. Оның негізгі әдістері тексерулер мен тексерістер болып табылады. Коммерциялық құрылымдарды ішкішаруашылық бақылаудың құрылтайшысы немесе меншік иесі, сондай-ақ оның тапсыруымен аудиторлық фирмалар жүзеге асырады.

Қоғамдық қаржылық бақылауды еріктілік және ақысыз негізде топтар, жекелеген тұлғалар орындайды. Бақылаудың объектісі тексерушілер алдында қойылған нақты міндеттерге байланысты болады. Қоғамдық бақылаудың органдарына шаруашылық жүргізуші субъектілердегі, ведомстволардағы әкімшіліктің қызметіне жүргізілетін кәсіподақ ұйымдарының бақылауы жатады. Бұл органдардың қызметіндегі қаржылық бақылау негізі бақылау болып саналмайды. Әр түрлі қоғамдық ұйымдар (саяси партиялар, жастардың, шығармашылық одақтардың, ғылыми, табиғатты қорғау, спорт, соғыс және еңбек ардагерлерінің ұйымдары, қайырымдылық қорлары) қаржылық бақылауды өз күштерімен жүргізеді, сондай-ақ аудиторлық фирмаларды да тарта алады. Бақылаудың объектісі - табысты алу көздерін және жарғылық міндеттерге сәйкес оның пайдаланылуын тексеру.



© um.co.ua - учбові матеріали та реферати