Головна

Аудиторлық бақылау

  1. Азақстандағы екі деңгейлі мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесі
  2. Аралық бақылау
  3. Аржылық бақылауда қолданылатын әдістер
  4. Аржылық бақылауды ұйымдастыру
  5. Аржылық бақылаудың мәні мен маңызы
  6. Аржылық бақылаудың түрлері бойынша сыныпталуы

Қаржылық бақылауды жетілдірудің аса маңызды бағыттарының бірі қаржылық бақылаудың тәуелсіз нысаны - аудиторлық бақылауды дамыту болып табылады. Бұл мемлекеттік емес шаруашылық органдар санының көбеюімен және тиісінше қаржы, бақылау, есеп санында қызметтің сан алуан түрлерінің өсуімен байланысты болып отыр. Аудиторлық бақылау - тәуелсіз аудиторлық фирма мен шаруашылық жүргізуші субъектілер иелерінің жасасқан келісім шарты негізінде қаржы-шаруашылық қызметінің жай-күйін тексеру.

Нарықтық реформалардың тереңдей түсуі жағдайындағы қаржылық бақылау жүйесінің ажырағысыз бөлігі аудиторлық бақылаудың негізгі мақсаты кәсіпорындардың, фирмалардың, ұйымдардың бухгалтерлік (қаржылық) есебінің дұрыстығын белгілеу, олардың ақпараттық жүйелерінің сенімділігін бағалау. Аудиторлық жұмыста талдамалық және сараптамалық болжам қызметіне үлкен мән беріледі, ол тапсырыс берушілерге өздерінің іскерлік саясатының тиімді стратегиясы мен тактикасын жасауға мүмкіндік береді.

Аудиторлық бақылау - ведомстводан тыс тәуелсіз қаржылық бақылау. Оны біліктік комиссиясы аттестаттаған «аудитор біліктілігінің берілуі» туралы куәлік алған жеке тұлға да, сондай-ақ ашық үлгідегі акционерлік қоғам да, өндірістік кооператив пен мемлекеттік кәсіпорынды қоспағанда, аудиторлық қызметті жүзеге асыру үшін кез келген ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған коммерциялық аудиторлық ұйым да жүргізе алады.

Аудиторлық палата коммерциялық емес, тәуелсіз, кәсіби, өзін-зі басқаратын және өзін-өзі қаржыландыратын ұйым болып табылады.

Қазақстан Республикасының аудиторлар палатасы жалғыз ұлттық қабылданған, бұқаралық, кәсіби аудиторлық ұйым болып табылады. Бұл ұйым 1993жылы «Қазақстан Республикасының аудиторлық қызметі туралы» заңның қабылдануына сәйкес құрылған және әділет министрлігінде қоғамдық бірлестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында тіркелген. 1998жылы «Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының жаңа заңы қабылданды. Соған сәйкес аудиторлар палатасы 1999жылдың наурыз айында тәуесіз ұйымдық-құқықтық нысанындағы «Қазақстан Республикасының аудиторлар палатасы» болып қайта тіркелді.

Бүгінгі күні оның құрамына 93 аудиторлық фирма, 372 жеке тұлғалар кіреді. Аудиторлар палатасының өз эмблемасы мен жалауы бар. Палатаның жоғарғы органы - аудиторлардың Республикалық конференциясы, ал қызмет етуші органы - аудиторлар палатасының кеңесі болып табылады. Палатаның президенті, оның құрылу күнінен бастап бүгінгі күнге дейін - Көшкімбаев Сапар Хайсаханович, ол №0001 біліктілік куәлігін алған аудитор.

«Аудиторлық қызмет туралы» жаңа заңның қабылдануына сәйкес Алматы мен Астана қалаларында және барлық 14 облыстарда заңды тұлға ретінде аудиторлар палатасы құрылған.

Заңға сәйкес аудиторлар палатасының келесідей өкілдіктері бар:

· ережелер негізінде аудиторлар палатасының қызметін реттеу;

· мемлекеттік органдарда, қоғамдық бірлестіктерде, халықаралық шетел ұйымдарында аудиторлар, аудиторлық фирмалар мен аудиторлар палатасының өкілі болу;

· халықаралық тәжірибе негізінде аудит үлгісін құрастырады және аудиторлармен үлгінің талаптарын орындауын қамтамасыз етеді;

· аудиторлық аттестацияға кандидаттарды дайындауды, кәсіби оқытуды, біліктілікті жоғарылатуды ұйымдастырады;

· аудиторлық қызметті атқаруға байланысты аудиторлар мен аудиттелетін субъектілердің арасындағы түсініспеушілікті шешеді.

ЮСАИД программасы мен «КАРАНА» корпорациясының қолдауымен аудиторлар палатасы өзінің V Республикалық конференциясында барлық 36 халықаралық аудит үлгісін қабылдады және оларды Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне бекітуге ұсынды.

Қаржы аудиті деп оған өкілеттігі бар ұйымдар мен мамандардың қаржы есептемесіне сараптама және талдау жургізу, қаржы-шаруашылық қызметін бақылау, шаруашылық жүргізуші субъектілерге олардың тапсыруы бойынша қызметтің басқа түрлерін көрсету жөніндегі және солардың есебінен жүргізетін тәуелсіз қызметін айтады.

Аудит дамуының тарихы өзінің бастауын Ұлыбританиядан алады, мұнда XIX ғасырдың ортасында алғашқы бухгалтер-аудиторлар пайда болды. Ал 1862жылы Англияда «Міндетті аудит туралы заң» шықты. Францияда мұндай заң 1867жылы, АҚШ-та 1937жылы жарияланды.

Бүгінде тәуелсіз қаржылық бақылау аудиторлық институт нысанында дамып, нарықтық экономиканың ажырағысыз бөлігі болып отыр.

Қазақстан Республикасында 1998жылдың 20-сыншы қарашасынан бастап «Аудиторлық қызмет туралы заң» жұмыс істейді. Ол аудиторлық қызметті жүзеге асыру процесінде мемлекеттік органдар, заңды және жеке тұлғалар, аудиторлар мен аудиторлық ұйымдар арасында туындайтын қатынастарды реттейді.

Аудиторлық қызмет - бұл аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың қаржылық есептеме аудитын жүргізу жөніндегі кәсіпкерлік қызметі. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдар өз қызметінің бағыты бойынша қаржылық есептеме аудитінен басқа да қызметтер көрсете алады.

Аудиторлық қызметтің негізгі қағидаттарына мыналар жатады:

1. тәуелсіздік;

2. объективтілік;

3. кәсіби біліктілік;

4. құпиялық

Аудит Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарына сәйкес қаржылық есептеменің дұрыс және объективті жасалғаны туралы тәуелсіз пікір білдіру мақсатында заңды тұлғалардың (аудиттелетін субъектілердің) қаржылық есептемесін тексеру болып табылады.

Аудиттің түрлері - міндетті аудит және бастамашылық аудит.

Міндетті жыл сайынғы аудитке мыналар жатады: банктер, кредиттік серіктестіктері, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар және бағалы қағаздар нарығында қызмет істейтін ұйымдар, сақтық ұйымдар, жинақтаушы зейнетақы қорлары, зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компаниялар, шетел қатысатын кәсіпорындар, ашық халықтық қоғамдар жатады.

Аудит жүргізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге жағдайларда да міндетті болып табылады.

Бастамашылық аудит аудиттелетін субъектінің бастамасы бойынша аудиттелетін субъектінің және аудитордың, аудиторлық ұйымының арасында аудит жүргізуге жасалған шартта көзделген нақты міндеттер, аудит мерзімі мен көлемі ескеріле отырып жүргізіледі.

Аудит сыртқы және ішкі болуы мүмкін. Сыртқы аудит - аудиттің тәуелсіз нысаны, ішкі аудит - шаруашылық жүргізуші субъектіні бақылаудың ведомстволық немесе ішкі нысаны. Ішкі аудит шаруашылық жүргізуші субъектінің тілегі бойынша және шартымен жасалады.

Аудит мынандай дәйекті стадиялар бойынша жүргізіледі:

1. жоспарлау (тараптардың іс-қимылын іштей жүйелеумен);

2. аудитор объектісі туралы ақпарат алу және оны бағалау;

3. аудитор рәсімін жасау және бағдарламаны әзірлеу;

4. бақылау жүйелерін тексеру және оның тесттері;

5. аудит рәсімін жүргізу;

6. аудиторлық қорытындыны қалыптастыру.

Аудитор - бұл кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржы-шаруашылық және коммерциялық қызметіне жасалатын қаржылық бақылаудың біздің елдегі жаңа ұйымдық нысаны. Ол бақылау мен коммерциялық аудиторлық қызметті жеке кәсіпкер ретінде, не аудиторлық ұйымның қызметкері ретінде жүзеге асыруға құқылы.

Аудитордың міндеттері мемлекеттік бақылаудың міндеттерімен ұқсас: тексерілетін ақпараттың, жасалынған шаруашылық операцияларының қолданыстағы заңға сәйкестігін анықтау. Сонымен бірге, аудиторлық қызметтің қаржы-шаруашылық қызметін тексеріс нысанында жүзеге асыратын мемлекеттік бақылаудан айтарлықтай айырмашылығы бар:

· аудиторлық қызмет кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық қызметінің тиімділігін арттыруға, оның төлем қабілетін қамтамасыз етуге, клиенттердің мүддесін қорғауға бағытталған. Тексеріс қызметі бірінші кезекте мемлекеттің мүддесін қорғайды, бұзушылықтарға ықпал етудің сан алуан түрлерін қолдана отырып, шаруашылық жүргізуші субъектілердің заңдарды, нормативтік актілерді сақтауын қамтамасыз етеді;

· аудит кезінде тексеруші ұйым мен бақылаудың объекті арасындағы байланыстар көлденең, ерікті келісім шарт негізінде болса, тексеру жүргізгенде тік, әкімшілік белгілеу ретінде болады;

· аудиторлық қызметті клиент немесе оның келісімімен аудиторлық қорытындыны алуға мұқтаж болып отырған орган төлейді.

· тексерістерді жоғарғы орган немесе мемлекет төлейді;

· аудиторлық тексерудің тиімділігін клиент аудитке жұмсалған шығындар мен аудиторлық тексеру нәтижелерінің ара салмағы ретінде айқындайды. Тексерістің тиімділігін тиісті бақылаушы орган анықтайды;

· аудиторлық тексерудің нәтижелері клиентке арналған аудиторлық қорытынды мен ұсыныстарда қамтылып көрсетіледі. Тексерістің нәтижелері бойынша акт жасалынады, онда орындалуы бақыланатын ұйымдық түйіндер, жазалау, міндетті нұсқаулар және басқалары көрсетіледі;

· аудиторлар алынған ақпарат пен аудит нәтижелерінің құпиялығын қамтамасыз етуі тиіс, ревизорлардың оларды жария етуіне құқы бар.

Қазақстан Республикасындағы алғашқы және ең ірі аудиторлық ұйым - «Қазақстанаудит» компаниясы. Еліміздің ең ірі аудиторлық фирмаларының бірі Родостовец В. К. басшылығымен құрылған тәуелсіз аудиторлық компания - «Центраудит - Казахстан» нарықта 10 жыл бойы аудиторлық және кеңес берушілік қызметтің барлық түрін көрсетіп келеді. Ол «Moore's Rowland International» атты тәуелсіз аудиторлық және бухгалтерлік фирмалардың әлемдік ассоциациясының мүшесі болып табылады. Бұдан басқа елімізде көптеген шағын аудиторлық ұйымдар барлықты. Мысалы, «Қаржылық аудит» аудиторлық компаниясы, «Asia Business Audit» консалтингтік топ, «Назар-Аудит» аудиторлық фирмасы, «Burуs Audit» аудиторлық фирмасы, «Марка Аудит» аудиторлық-консалтингтік топ және тағы басқа. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың жүргізетін қызметтері сан алуан: аудиторлық қызмет көрсету, консалтингтік қызмет көрсету, бағалау және оны саралау, кедендік кеңестер, қаржы-шаруашылық қызметін талдау, қаржылық анализ жасау, құрылтайшылардың құжаттарын жасау, қайта құрылымдау мен банкроттық рәсімдердегі кәсіби қызмет,бизнес-план жасау және басқалары.

Шетелдік аудиторлық ұйымдар Қазақстан Республикасында аудиторлық қызметті тиісті аудиторлық ұйымдарды - Қазақстан Республикасының резиденттерін құрған жағдайда ғана жүзеге асыра алады.

Әлемде 4 ең ірі аудиторлық компания жұмыс істейді. Солардың ішіндегі Орталық Азия аймағындағы кәсіби аудиторлық компания - «Делойт и Туш» компаниясы болып табылады. Ол 1993 жылы құрылып, бүгінгі күні Орталық Азияда ғана емес, сонымен қатар көптеген шетел компанияларына да кең көлемді қызмет түрлерін ұсынады. Бұл компанияның қызметкерлері білікті мамандардан құралған және ең жақсы, дамыған, алдағы аудиторлық методологияны қолданып, компанияның тұрақты стратегия мен тактиканы ұстануы оның алдыңғы қатарлы компаниялардың, яғни әлемдік төрттікке кіруіне жол ашты.

 



© um.co.ua - учбові матеріали та реферати