Головна

Доступные материалы! 5 страница

  1. 1 страница
  2. 1 страница
  3. 1 страница
  4. 1 страница
  5. 1 страница
  6. 1 страница
  7. 1 страница

184-бап. Қазақстан Республикасының медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Ар-намыс кодексі

1. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Ар-намыс кодексі (бұдан әрі - Ар-намыс кодексі) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің азаматтар мен тұтастай қоғам алдындағы өз қызметі үшін моральдық жауапкершілігін айқындайды.

2. Медицина және фармацевтика қызметкерлері өз қызметінде:

1) осы Кодексті және Ар-намыс кодексін басшылыққа алуға;

2) Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын нығайтуға жәрдемдесуге;

3) тек қана пациенттің мүдделерінде шешім қабылдауға;

4) Қазақстан Республикасының медицина және фармацевтика қызметкерінің жоғары атағына кір келтіретін іс-әрекеттер жасауға жол бермеуге;

5) өзінің қызметтік міндеттерін адал әрі сапалы атқаруға;

6) өзінің кәсіптік білімін үздіксіз жетілдіруге;

7) өзінің жеке пайдасын басшылыққа алып, профилактика мен емдеудің әдістері мен құралдарын жарнамалауға және пайдалануға жол бермеуге;

8) еңбек тәртібін мүлтіксіз сақтауға;

9) денсаулық сақтау ұйымдарының мүлкіне ұқыпты қарауға және оны тиімді пайдалануға;

10) сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға;

11) қызметтік ақпаратты пайдакүнемдік және жеке басының өзге де мақсаттарында пайдалануға жол бермеуге;

12) жеке басының үлгісімен ұжымда тұрақты және жағымды моральдық-психологиялық жағдай жасауға ықпал етуге;

13) басқа да медицина және фармацевтика қызметкерлері тарапынан Ар-намыс кодексінің нормаларын бұзу фактілеріне жол бермеуге және олардың жолын кесуге;

14) өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезеңінде белгіленген киім нысанын сақтауға тиіс.

3. Пациенттермен қарым-қатынаста медицина және фармацевтика қызметкерлері:

1) жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне, азаматтығына, шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайларына немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан адамның құқықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;

2) мұқтаж болған әрбір адамға медициналық көмек көрсетуге;

3) адам өмірін сақтау өзінің борышы екенін әрдайым есте ұстауға;

4) азаматтардың мемлекеттің денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайтуға жәрдемдесуге;

5) пациенттерге қатысты қаржылық және өзге де бопсалау фактілеріне жол бермеуге, өз әріптестері тарапынан осындай іс-әрекеттердің жолын кесу жөнінде күш-жігер жұмсауға;

6) өз іс-әрекетімен қоғам тарапынан негізделген сын айтылуына жол бермеуге, сынға сабырлылықпен қарауға, сындарлы сынды өзінің кәсіптік қызметіндегі кемшіліктерді жою және оны жақсарту үшін пайдалануға тиіс.

4. Өз әріптестерімен қарым-қатынаста медицина және фармацевтика қызметкерлері:

1) жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, сыпайылық пен биязылық танытуға;

2) пациенттің мүддесі талап етсе, риясыз көмек көрсетуден бас тартпауға және әріптестерінен кеңес сұрауға;

3) басқа медицина және фармацевтика қызметкерінің кәсіптік біліктілігіне көпшілік алдында күмән келтірмеуге;

4) қазақстандық медицинаның дәстүрлерін және жетістіктерін байытуға тиіс.

5. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Ар-намыс кодексін сақтауы олардың кәсіптік борышы болып табылады.

6. Денсаулық сақтау ұйымының ұжымы оның басшысының шешімі бойынша медицина және фармацевтика қызметкерінің Ар-намыс кодексінің ережелерін сақтамау фактісін қарап, қараудың нәтижесі бойынша қоғамдық мін таға алады.

7. Денсаулық сақтау ұйымының басшылары Ар-намыс кодексі мәтінінің көрнекі үгіт орындарында орналастырылуын қамтамасыз етеді.

2013.02.07. № 111-V ҚР Заңымен 9-1-бөліммен толықтырылды

9-1-бөлім. Ұлттық алдын алу тетігінің негізгі ережелері

31-1-тарау. Ұлттық алдын алу тетігі

184-1-бап. Ұлттық алдын алу тетігі

1. Ұлттық алдын алу тетiгi ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қызметі арқылы жұмыс істейтін, азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiнiң алдын алу жүйесі түрінде қолданылады.

2. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары өз қызметі шеңберінде мәжбүрлеп емдеуге арналған ұйымдарда (мамандандырылған туберкулезге қарсы ұйымдарда, мәжбүрлеп емдеуге арналған наркологиялық ұйымдарда, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға арналған психиатриялық стационарларда (мәжбүрлеп емдеу үшін жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда, мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда, жіті бақылау жасалатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда) және осы қатысушылардың болуы (бұдан әрі - алдын ала болу) үшін Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын өзге де ұйымдарда болады.

3. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл, сондай-ақ Үйлестіру кеңесі іріктейтін, азаматтардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық байқаушы комиссиялардың және қоғамдық бiрлестiктердiң мүшелерi, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары болып табылады.

4. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қызметін үйлестіреді, ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қажетті әлеуеті мен кәсіптік білімін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қолданады.

5. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болу бойынша шығыстарын өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.

184-2-бап. Үйлестіру кеңесі

1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің жанынан Үйлестіру кеңесі құрылады.

Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлді қоспағанда, Үйлестіру кеңесінің мүшелерін Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл құратын комиссия Қазақстан Республикасы азаматтарының қатарынан сайлайды.

2. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл:

Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің жанындағы Үйлестіру кеңесі туралы ережені;

ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушыларын іріктеу тәртібін;

алдын ала болу үшін ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушыларынан топтар құру тәртібін;

алдын ала болу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды;

алдын ала болу қорытындылары бойынша жыл сайынғы жинақталған баяндаманы дайындау тәртібін бекітеді.

3. Үйлестіру кеңесі Біріккен Ұлттар Ұйымы Азаптауға қарсы комитетінің Азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу жөніндегі кіші комитетімен өзара іс-қимыл жасайды.

184-3-бап. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына қойылатын талаптар

1. Мынадай:

1) заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар;

2) қылмыс жасады деп күдік келтірілген немесе айыпталған;

3) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар;

4) судьялар, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер және әскери қызметшілер, сондай-ақ құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері;

5) психиатрда және (немесе) наркологта есепте тұратын адамдар ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бола алмайды.

2. Қасақана қылмыс жасағаны үшін ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған; теріс себептер бойынша мемлекеттік немесе әскери қызметтен, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардан, соттардан босатылған немесе адвокаттар алқасынан шығарылған; адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиядан айырылған адамдар да ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бола алмайды.

184-4-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының құқықтары

1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушысы:

1) алдын ала болуға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдардың саны, осындай ұйымдардың саны және олардың орналасқан жері туралы ақпарат алуға;

2) алдын ала болуға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ оларды ұстау жағдайларына қатысты ақпаратқа қол жеткізе алуға;

3) алдын ала болуды құрылған топтардың құрамында белгіленген тәртіппен жүзеге асыруға;

4) алдын ала болуға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен куәларсыз, жеке өзі немесе қажет болған кезде аудармашы арқылы, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының пiкiрi бойынша тиiстi ақпарат бере алатын кез келген басқа адаммен әңгімелесулер өткiзуге;

5) алдын ала болуға жататын ұйымдарды кедергісіз таңдауға және оларда болуға;

6) азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы хабарламалар мен шағымдарды қабылдауға құқылы.

2. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы заңды қызметін жүзеге асырған кезде тәуелсіз болып табылады.

184-5-бап. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының міндеттері

1. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары өз өкілеттіктерін атқару кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті.

2. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала болуға жататын ұйымдардың қызметіне араласуына жол берілмейді.

3. Алдын ала болу жөніндегі топқа кіретін ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының турашылдығына күмән туғызатын мән-жайлар болған кезде, ол алдын ала болуға қатысудан бас тартуға міндетті.

4. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы қабылданатын хабарламалар мен шағымдарды Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл айқындайтын тәртіппен тіркеуге міндетті.

Қабылданған хабарламалар мен шағымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің қарауына беріледі.

Қабылданған және берілген хабарламалар мен шағымдар туралы ақпарат алдын ала болу нәтижелері жөніндегі есепке енгізіледі.

5. Осы Кодекстің ережелерін бұзған ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

184-6-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының өкілеттіктерін тоқтату

Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының өкілеттіктері:

1) осы Кодекстің ережелері бұзылған;

2) өз өкілеттіктерін доғару туралы жазбаша өтініш берілген;

3) ол қайтыс болған не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген;

4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;

5) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;

6) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;

7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайлар басталған кезде тоқтатылады.

184-7-бап. Алдын ала болудың түрлері мен кезеңділігі

1. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болуы мыналарға бөлінеді:

1) төрт жылда кемінде бір рет, ұдайы негізде жүргізілетін кезеңдік алдын ала болу;

2) алдыңғы кезеңдік алдын ала болу нәтижелері бойынша ұсынымдарды іске асыру мониторингі, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары әңгімелесулер өткізген адамдарды алдын ала болуға жататын ұйымдардың әкімшіліктері тарапынан қудалаудың алдын алу мақсатында кезеңдік алдын ала болулар аралығындағы кезеңде жүргізілетін аралық алдын ала болу;

3) азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы келіп түскен хабарламалардың негізінде жүргізілетін арнаулы алдын ала болу.

2. Үйлестіру кеңесі бөлінген бюджет қаражаты шегінде алдын ала болу мерзімдерін және алдын ала болуға жататын ұйымдардың тізбесін айқындайды.

184-8-бап. Алдын ала болу тәртібі

1. Алдын ала болуды Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің келісуі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қағидаларға сәйкес Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан құратын топтар жүргізеді.

2. Алдын ала болу үшін топтар құру кезінде ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының ешқайсысын тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне қатысты себептер бойынша немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша қандай да бір кемсітуге болмайды.

3. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету алдын ала болуға жататын ұйымдардың әкімшілігіне жүктеледі. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының құқыққа сыйымсыз әрекеттері орын алған жағдайда, алдын ала болуға жататын ұйымдар әкімшілігінің басшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді жазбаша хабардар етеді.

4. Әрбір алдын ала болудың нәтижелері бойынша топтың атынан Үйлестіру кеңесі бекіткен нысанда жазбаша есеп жасалады, оған алдын ала болуды жүзеге асырған топтың барлық мүшелері қол қояды. Ерекше пікірі бар топ мүшесі оны жазбаша түрде ресімдейді және есепке қоса береді.

184-9-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы

1. Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын олардың алдын ала болу нәтижелері бойынша есептерін ескере отырып дайындайды.

2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасына:

уәкілетті мемлекеттік органдарға алдын ала болуға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жағдайларын жақсарту және азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу бойынша ұсынымдар;

Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар да енгізіледі.

Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасына өткен жылғы алдын ала болу жөніндегі қаржылық есеп қоса беріледі.

3. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы қарау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі және оны Үйлестіру кеңесі бекіткен күннен бастап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің интернет-ресурсында орналастырылады.

184-10-бап. Құпиялылық

1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары алдын ала болу барысында адамның жеке өмірі туралы өздеріне белгілі болған мәліметтерді осы адамның келісуінсіз жария етуге құқылы емес.

2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болу барысында адамның жеке өмірі туралы өздеріне белгілі болған мәліметтерді осы адамның келісуінсіз жария етуі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.

184-11-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларымен өзара іс-қимылы

1. Мемлекеттік органдар және олардың лауазымды адамдары ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына заңды қызметін жүзеге асыруына жәрдем көрсетеді.

Бірде-бір мемлекеттік орган немесе лауазымды адам азаптауды және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiн қолдану фактілері туралы ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына хабарлағаны үшін азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге құқылы емес.

Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының заңды қызметіне кедергі келтіретін лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

2. Уәкілетті мемлекеттік органдар ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын алған күннен бастап үш ай ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілді алынған баяндамаларды қарау нәтижелері бойынша қолданылған шаралар туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.

3. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала болу нәтижелері бойынша есептері негізінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған лауазымды адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді не қылмыстық істі қозғау туралы өтінішхат беруге құқығы бар.

10-Бөлім. Қорытынды және өтпелі ережелер

32-тарау. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық және осы кодексті қолданысқа енгізу тәртібі

185-бап. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

186-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі

1. Осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап он екі ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 159-бабының 2-тармағының 8), 10), 11) тармақшаларын және 13-тармағын қоспағанда, осы Кодекс алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

2. Қазақстан Республикасының мына заңдарының күші жойылды деп танылсын:

1) «АҚТҚ инфекциясының және ЖҚТБ-ның алдын алу мен емдеу туралы» 1994 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1994 ж., № 16-17, 212-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 23, 921-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 15, 93-құжат; 2007 ж., № 5-6, 40-құжат; № 9, 67-құжат);

2) «Психиатриялық жәрдем және оны көрсеткен кезде азаматтардың құқықтарына берілетін кепілдіктер туралы» 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 8, 86-құжат; 2001 ж., № 17-18, 245-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат);

3) «Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын азаматтарды мәжбүрлеп емдеу туралы» 1999 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 24, 1071-құжат; 2006 ж., № 15, 92-құжат; 2007 ж., № 5-6, 40-құжат);

4) «Нашақорлықпен ауыратын адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту туралы» 2002 жылғы 27 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 10, 104-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат);

5) «Темекі шегушіліктің алдын алу және оны шектеу туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 15, 149-құжат; 2006 ж., № 23, 141-құжат; 2007 ж., № 12, 88-құжат);

6) «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы» 2002 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 21, 176-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 23-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 15, 92-құжат; 2007 ж., № 19, 147-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 21, 97-құжат);

7) «Денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2003 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 11, 70-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 15, 92-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 19, 147-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 23, 124-құжат);

8) «Дәрілік заттар туралы» 2004 жылғы 13 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 2, 8-құжат; № 23, 142-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 15, 92-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 19, 147-құжат; № 20, 152-құжат; 2008 ж., № 21, 97-құжат);

9) «Азаматтардың ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепілдіктері туралы» 2004 жылғы 16 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 13, 73-құжат; 2006 ж., № 15, 92-құжат; 2007 ж., № 20, 152-құжат);

10) «Қан мен оның компоненттерінің донорлығы туралы» 2005 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2005 ж., № 12, 45-құжат);



© 2016-2022  um.co.ua - учбові матеріали та реферати