Головна

Екінші бӨлім 11 страница

  1. 1 страница
  2. 1 страница
  3. 1 страница
  4. 1 страница
  5. 1 страница
  6. 1 страница
  7. 1 страница

Ақбөкенінен айырған Наурызбайға қанша ашулы болғанмен, Байтабын бақастықтан, намыстан ел бірлігін жоғары көрді. Көкірегінің көзі ашық жас батырды Кенесары өзі келіп құшақтап баурына қысты да:

- Байтабыным, шын мерген екенсің! - деді. - Бүгінгі маған көрсеткен құрметің үшін қарамағымдағы елдің өзің таңдаған ең сұлу қызын ал.

Қайғы, ашу жүрегіне шаншардай қадалып тұрса да бойды алған қам көңілдікті ақылға билеткен Байтабын ілтипатпен басын иді де қойды.

Жаңа ғана кенет қара түн келіп, сұрапыл дауыл жерге ұрып кетердей қобалжыған Наурызбай айыбын кешірген Байтабынға қатты риза болып, жақсы көрген сұңқарды бір жігітіне сол өлген жеріне көмуді тапсырды да (соңынан осы төбе «Сұңқар өлген» төбе деп аталып кетті) өзі қыр басына көтерілді. Байтабынмен қол алысып амандасты. Қастары түгіл, достарының қатты сөзін кешірмейтін өркөкірек екі батыр жігіттің арасындағы махаббат таласы мен намыс таласы осылай бітті.

Бірақ ел бірлігін сақтауды інісі Наурызбайдан артық ұғынған Байтабыннан Кенесары іштей кенет сескене қалды. «Қарашыдан шықса да хан тұқымына бергісіз ақылы бар екен. Бұл қасиетін еске алу керек. Және мұндай жанды өзіңе дос ете білген жөн. Ал алда-жалда қарашылығы жеңіп, жолымыз екі айырылатын күн туса тағдырын Қараүлек шешсін... Қасыңнан жау болып кеткен ақылды батыр шабайын деп тұрған қалың қолдан қауіпті».

әйтседе Кенесары қатар тұрған інісі мен Байтабынға сүйсіне қарап:

- Байтабын батыр, - деді жылы шыраймен, - ал енді қиын-қыспақ, қауіп-қатерден аман қайтқан алыс сапарың жайын баянда.

Байтабын бастан өткен оқиғасының бәрін тегіс айтып келді де:

- Қоңырқұлжа жігіттерінен ұққаным, олар биылғы қысқа қатты дайындалуда: Омбыдан да қалың әскер шығады деседі... Қыс түсе сарбаздар ауыл-ауылдарына тарап, сіз қыстауда төлеңгіттеріңізбен қалған кезіңізде ордаңызды шаппақ көрінеді, - деп сөзін аяқтады.

Жылдағы әдеті бойынша ол қыс түсе бар әскерін елді-еліне таратып, жаз шыға қайта жинайтын. Биыл да сондай ойда еді. Бес мыңнан асып кеткен салт атты жауынгерлерді азық-түлікпен, аттарын шөппен қамтамасыз ету оңай ма? Қыс көзі қырауда, өздері де бұл маңайға келіп орналасқалы жылдан асқан жоқ. Жау ереуілшілердің әлсіз кезін дәл тапқан тәрізді. Егер Омбыдан солдат шығып бес жүзге жетер-жетпес төлеңгіті, батыры бар сұлтан аулын қысты күні қоршар болса, құтылып кету қиын. Арлан қасқырды аңшылардың омбы қарға қамап соғатынындай, патша генералдары да бұдан өш алар кезін дұрыс көздеген екен. «Жоқ, жоқ, олай оп-оңай қолға түсуге болмайды. Батыс Сібір генерал-губернаторы әскер шығарып қысты күні ұстаймын деп жүргенде біз Орынбор жаққа, Кіші жүз жеріне ауысып кетуіміз керек. Ойламаған жерден пайда болған ереуілшілерге Орынбор соғыс губернаторы не қылады? Ол қамданып бізбен айқасқанша қыс та өтер. Ар жағын тағы көрерміз. Мүмкін тіл табармыз. Ұлық атаулының бәрі Горчаков секілді қанішер емес шығар...»

Кенесары дәл осы арада жұртқа бұл ойын ашқан жоқ. Ол Байтабын шапқан малды Ағыбай айдап келе жатқанын, Ожар екеуінің көштен бөлініп жақсы хабарды айтқалы бұрын жүріп кеткенін естіп болды да, жадырай түсіп тас қабағын қайта ашып:

- Біраз шаруа бітіріп қайтқан екенсің, көп-көп алғыс, - деді, - Ожар осында ма?

- Жоқ, ол жолдағы бір Қарауыл аулына бұрылып кетті.

- Неге?

- Онысын айтқан жоқ. Маған жүре бер деді. Шамасы әлі де тың тыңдамақ тәрізді.

Ожардың атын естігеннен-ақ Таймас елере қалған.

- Қай Ожар? - деді ол кенет сұрлана түсіп.

- Қубеттің Ожары.

- Ол сұм бұл жақта қайдан жүр еді?

- Омбы абақтысынан қашып шығып, Тайжанның қызымен бірге бізге келіп қосылған, - деді Кенесары.

- Марқұм Тайжанның қызы бар ма еді?

- Орыс қолында күңдікте жүрген қызы бар екен. Әкелерінің жолдасы деп Ожарға ерге шығыпты.

- ә-ә!

- Ожарды неге сұм дедің?..

- Бұл бір ұзақ оқиға... Кенеке, соңынан айтармын, - Таймас Наурызбайдың жігіттеріне қарады. - Тайжанның қызы қайда?

Шеткерірек тұрған жатаған қара жігіт жауап берді.

- Осы ауылда. Анау шеткі ақ отау соныкі.

- Япырмай, ә?..

Бұл кезде күн де батып кеткен. Ымырт үйіріліп қараңғылық түсе бастаған. Кенесары әлденені ойлап сәл тұнжырап тұрды да:

- Байтабын мерген, алыс жолдан қайттың ғой, бір-екі күн демал, сосын маған соғарсың, - деді, - сөйлесетін шаруа бар.

- Құп.

Кенесары ауылға қарай беттеді. Өзге жұрт соңынан ерді. Тек Байтабын ғана орнынан қозғалмай тұрып қалды.

Кенесары ордасына келгеннен кейін Таймаспен екеуі оңаша отырып, ұзақ сөйлесті. Тайжанның жалғыз қызының әкелерін жауға ұстап берген адамның қойнында жатуын екеуі де сұмдық көрді. Кісі жіберіп Алтыншашты ордаға шақыртып алды. Таймас қинала отырып, уылжыған жас бала мінезді Алтыншашқа күйеуі Ожардың кім екенін айтып берді. Бір ғажабы, жас келіншек еңірей жыламады, «мені одан құтқара көріңдер» деп жалынбады. Тек суықтан қалтырағандай дір-дір етіп, тостағандай мөлдір көзінен екі-үш тамшы жас домалап кетті. Осылай қозғалмай ұзақ отырды да, әлден уақытта барып, керегеге көзін аудара шиедей қызыл еріндерін сәл ашып:

- Өзім де сондай бір сұмдықты сезіп жүр едім, - деді. - Ағажан, күмәніміздің бетін аштыңыз. Ал әкем мен Сейтен көкем үшін Ожар әлі маған жауап береді. Оған кегімді жібермеске алдарыңызда ант етемін!

- Қарағым, - деді бағанадан бері Алтыншаштың сұлулығы мен ұстамдылығына таң қалып отырған Кенесары. - Кек алу - еркектің ісі, ақ саусақтарыңды қанға малма! Тайжан мен Сейтеннің құнын өзіміз де аламыз.

- Жоқ, - деді Алтыншаш тіл тартпай, - көкетайлар, бұл кекті өзіме қалдырыңыздар!

Талдырмаш жап-жас келіншектен Кенесары құр ғана қайсарлық емес, әкелеріне деген бір мөлдір таза сезімді байқап қалды.

- Мейлің, - деді кенет ол, - тек қапы қалып жүрме.

Ал Байтабын мана төбе басында үн-түнсіз отырып қалған-ды. Өткен-кеткенді елестетіп, қиялы көк бетінде жүзген айдай ұзақ кезді. Сұлтан тұқымы қараға қыз бермейді екен, Тіленшінің ерке қызы Дәметкенді Байтабынның әкесі Қожыға қалай бергенін кім білсін, әйтеуір осы ел аузына іліккен жау жүрек әкенің арқасында Байтабын да бұлаң өсті. Сол әкеден он жасында қалды. Содан бері не көрмеді? Он алтысында ат жалын тартып мініп, нағашысы Жоламан батырдың соңынан ерді. Қазір жиырма үште. Осы жеті жылдың ішінде ат үстінен бір түскен жоқ. Талай қанды ұрысқа қатысты. Сан мәрте ажал деген аш арыстанның аузында болды. Сонда... Осыншама шыбын жанын жүлдеге тігердей бұған не жоқ? әлде малын, дәулетін, бағын қорғаймын деп жан таласып жүр ме? Жоқ. Бар малы - астындағы жалғыз аты. Дүние-мүлік деген тіпті ныспысымен жоқ. Әкеден қалған қазына - шешесі Дәметкен паналап отырған жалғыз қараша үй. Сонда бұл әлділермен неге жауласады? Байтабынды алыс-жұлысқа айдаған екі арман. Бірі бота көз, оймақ ауыз Ақбөкен. Бүкіл Кіші жүзде ажарына жан тең келмес, айдай толықсыған сұлуды алу үшін Байтабынға құр Жоламан батырдың жиені болу жеткіліксіз. Хор қызын тек періштелер ғана құшады. Ал Ақбөкен секілді сұлуға қол созуға жұрттан асқан дәулетің, немесе көпке әйгілі атағың болу керек. Дәулет оңай қолға түспейді, ал атақ... Ол ер жігіттің өзінің қолынан келер іс. Бақ уысқа сыймағанмен, атақ уысқа сыяды. Жауыңнан жасқанбас батыр болсаң атақтың өзі келеді. Тек дұшпаныңмен алыса біл. Байтабынның әйгілі жан болуын Ақбөкеннің өзі де тілейтін тәрізді. Сол себептен емес пе, бұның қосылайық деген тілегіне Ақбөкен соңғы кезге дейін «әлі ерте, сен ең болмаса жұрт аузына ілігетіндей халге жет», - деп келген жоқ па? Қарадан шықса да Ақбөкеннің хан қыздарының арманын көксейтініне бұл жазықты ма? Бала жаста жақсы көрген албырт жүрек қыз көзіне қадірлі болып көріну үшін оны кейде көзсіз ерлікке де жетектеген жоқ па? әрине сөйтті. Тек соңғы кезде ғана Байтабын қайнардай төңкерілген тұнық көзге көзі түсіп кеткендіктен туған бұл арманның орынсыз екенін, қыз үшін ерлікке ұмтылуы уақ әрекет екенін түсінді. Сол себептен де өзі соңғы уақытта Ақбөкенге өзгеше қарай бастаған жоқ па? Сүйген адамынан ерлік тілеген махаббаттың таза махаббат емес екенін аңғарды емес пе? әрине сөйтті. Шын жақсы көрген адам бірін-бірі сол тұрған қалпында жақсы көреді. Ақбөкендікі өзгеше арман, өзгеше тілек. Мүмкін бала кезінде Ақбөкен мұны шын ұнатқан шығар. Серғазының ауылынан қашып шыққанында да Байтабын есінде болған шығар, бірақ өзгермейтін жан бар ма, ерлікті, атақты қадір тұтатын қазақ дәстүрі мұны да өзгерткен болар. Оны айыпқа санау қылмыс емес пе? Бұл жалған түсінік кейде жұрт қадірлер есімді ардақтар Ақбөкен түгіл, өмір бақи құлдықта өскен, тек жоқшылықпен ғана көзін ашқан адамдарды да өзгертіп жатады. Ал сұлу жанды Ақбөкеннің, сүйген жарының әйгілі болуын жақсы көретін Ақбөкеннің бала жастағы сезімнен өзгеруі күнә ма? Күнә деген күнде де оған ренжіп, оған ашуланып, өз өміріңді қор еткенде не түседі? Кім ренжиді, кім жылайды? Қасың қуанып, досың өкпелейді. Тек сені тапқан анаң ғана көз жасын көл етеді.

Ана! Атың қандай жақсы. Байтабынды батырлық жолға салған екінші себеп осы ананың сөзі, ананың тілегі емес пе еді? әрине, солай.

Иә, сол адуынды қара кемпір еді ғой, бұл он алтыға жеткенде, Қожының кәрі кертөбелін алдына тартып: «Қарағым, ел шетіне жау тиді, найза ұстар ер-азамат атқа қонып жатқанда Қожы баласының шешесінің жанында отырғаны келіспес, әкеңнің атын жоқтатпай нағашыңның аулына бар», - деген. Иә, осы сөзді айтқан сол қара кемпір. Байтабынға осыдан кейін «ана», «ел», «туған жер» деген сөздер бір ұғымда болып кеткен. Оған туған жерін қорғаса - анасын қорғағанмен бірдей. Елінің тәуелсіздігін қорғағаны - анасының тілегін орындағанына пара-пар. Байтабын бертін келе, осы Кенесары тобына қосыл-
ғаннан бері ғана өзінің туған халқына, кір жуып, кіндік кесіп өскен жеріне қандай қауіп төнгенін анық білді. Бұл қауіптен тек ел болып тізе қосса ғана құтыла алатынын да түсінді. Ол енді осы ел біткен біріксек деген тілекке шыбындай жанын, бар тілегін бағындырды. Өзге сезімнің бәрін былай тастады. Соның арқасында да Байтабын Наурызбай екеуін жауықтыратын қиянатын кешті. Ер намысын ел намысына жеңгізді. «Қыз махаббаты деген алдыңнан қаша жөнелген қызыл түлкі емес пе, жете алмай қалсаң оған кім айыпты? Халқың зары жүрегіңе шаншудай қадалған шақта, өз ойымдағым орындалмады деп көңіліңді сезімге булықтырғаннан не түседі!?»

Байтабын қиялы енді Ақбөкеннен біржолата сусып, Алтыншашқа ауды. Алтыншашты екі-ақ рет көрген. Бірақ көз алдында пайда болған сурет қараңғы меңіреу түнде адасып жүрген шағында көрінген от тәрізді көңілін серпілтіп тастады. Әйтсе де біреудің қосағы туралы ойлаудың күнә екенін Байтабын жақсы біледі, сондықтан ойламайын деп Алтыншаштың бейнесін өзінен сан қуды. Бірақ онысына ақылға бой бермес қиял деген асау күш көнбей-ақ қойды. Жалғыз қалса-ақ Алтыншаш қасына жетіп келеді, сезімін еріксіз оятып, өзімен бірге бір ғажайып жастық-шаттық дүниесіне ала жөнеледі...

Қазір де Байтабын осындай жағдайда еді. Өзі жерде, қиялы көкте. Ай бағана туған, ел жата бастаған. Осы отырғаным жетер енді деп Байтабын орнынан түрегеле беріп еді, кенет Алтыншаш бейнесі тағы да көз алдына тұра қалды. «Мен келдім ғой, қайда барасың?» - деп күлкіге көмілген күміс тісін көрсете еркелей төбе басынан жібермеді. Байтабын кенет бойын билеп ала жөнелген көңіл дауылын баса алмай, сезім кемесіне мініп, шаттық теңізінде жүзе берді. Жас батыр осындай топ жарып ұлан-асыр қимыл етердей қуанышты жағдайда отырғанда түнгі салқын жел әлдеқайдан көкірегін күйдірген арманына шипа болар бір әдемі үнді жеткізді. Ынтыға тыңдай қалды. Қыз әні. Оқта-текте шыққан дауыстардан төменгі тұста қыз-бозбала алтыбақан теуіп жатқанын Байтабын бағана аңғарған. Бірақ қиялында пайда болған Алтыншашты айдалаға жалғыз тастап кетуге қимай, қыз-бозбала қуанышына мән бермей өзімен өзі болып отыра берген. Ал мынау ән, бұрынғы әндердей емес, жас жігіттің онсыз да лепірген көңілін ушықтырып әкетіп барады. Бұл «Төбе басында неге жалғыз отырсың, мен сені тастап кеттім ғой. Қазір алтыбақандамын, жет жылдам», - деп бұйырған Алтыншаштың даусы тәрізді. Бұл үн май қарағай тастаған оттай, жүрегіне бір жалын лап беріп, енді отырғызар емес. Ол Алтыншаштың даусын әлі күнге дейін бір рет те естіген емес, ал мынау оған сол Алтыншаштың даусы секілді көрінді. Жүрек солай жорыды. Естіп тұрғаны Алтыншаштың әні екеніне жас батыр енді күмән келтірмеді. Соның үні деп бар сезімі, жаны, тәні ырық бермей «жүр-жүрлей» бастады. Әйтсе де Байтабын орнынан қозғалмай «тек ән бітіп қалмаса екен» деп тыңдаған үстіне құмарлана тыңдай түсті. Дауыс шынында да ерекше еді. Әнші қыздың көмейіне тоқсан бұлбұл қонып алып, толықси сайрағандай. Жалғыз шыққан ән қобыз, домбыра, қурай дыбыстарының бәрінің сұлу ырғағын бір сазға түсіріп тынық түнді әлдилегендей... Қыз үнінен біресе өзінің қызық дәуренімен қоштасқалы тұрғандай қайғы естіледі, біресе жаныңды алмас қылыштай кекке қайрар жігер, ал кей шақта көңіліңе сая болар қуаныш толқиды... Бір адам бүкіл әлемнің бар сұлулық бейнесін өз даусы арқылы өзгеге жеткізгісі келгендей... Ән бірде асқақтап, көкті шарықтай, бір мезет жел құлпыртқан көгал шөптің басындай құлпыра түсіп, немесе жарды ұрған теңіз толқынындай күшейе қарқындап, ал әлден уақытта барып, қара тасты әзер жарып шыққан тас бұлақтай ақырын ғана сылдыр қағып әлсірей, мың бұралып жүз құбылды.

Байтабын енді шыдап отыра алмады, алтыбақан жаққа жүре берді. Ән салған шынында да Алтыншаш еді. Ол бағанағы Кенесары ордасынан шыққаннан кейін, үйінде шыдап отыра алмай, алтыбақанға келген. Жастық деген бір лаулаған жалын емес пе, жүректегі қайғыны да, Ожарға деген кекті де, қорғасындай ерітіп, өзінің ыстық құшағына аймалай қысып, бөтен дүниеге ала жөнелген. Алтыншаш дәл осы сәтте Ожарды ұмытып, құрбы-құрдастарының қуанышына ере, алтыбақан тепті, ән салды. Қайғы көлкіген көңілді қызыл шоқ жастықтың қызуына жеңгізді.

Байтабын қыз-бозбалалардың жиынына жеткен кезде, Алтыншаш алтыбақаннан түсті. Айлы түнде айдаладан пайда болған жас батырды көріп Алтыншаш Байтабынның қасына келді. Ожармен бірге кеткен жігітті бірден таныды. Қуанып қалғандай.

- Сау-сәлемет қайттыңыз ба батыр? - деді ол Байтабынға жақындай.

Күле қараған Алтыншаш Байтабынға хор қызынан бірде-бір кем көрінген жоқ. Жастық мерейін, сұлу көркін жас батырға әдейі арнап ашқандай, Алтыншаш та айлы түнде бозаңқы тартқан ақ бетін тақай, үлкен қарақат көздері күлім-күлім етеді. Байтабынның жүрегі лүпілдеп, бар денесі күйіп-жанып барады. Бойын билей жөнелген жалын сезімді әзер басып:

- Өзіңіз де амансыз ба, Алтыншаш, - деді, - Ожар аға бір шаруасы болып жолдағы ауылда қалды.

Келіншек сылқ-сылқ күлді.

- Ағаңыз туралы қам жемеңіз. Жолын тауып қайтар... Мен сіздің сау-сәлемет келгеніңізге қуаныштымын... Жүрегім тым алаңдаулы еді.

- Неге? - деді Байтабын сөз астарына түсінбей.

Бұл кезде Байтабынды қоршаған қыз-келіншектер қайтадан алтыбақанға қарай беттеді. Алтыншаш пен жас батыр аз уақыт оңаша қалды.

- Неге деріңіз бар ма, - деді күрсініп Алтыншаш, - жаныңыздағы серіктеріңіз маған қауіпті көрініп еді.

- Япырмай, сіз де солай ойлап па едіңіз...

Алтыншаш пен Байтабын сөйлесе келіп бірін бірі енді шын танығандай.

Бойды билеген асау сезім қоя ма, таң сыз беріп келе жатқан шақта, ауылға қайтқан қыз-бозбаладан ебін тауып бөлініп, бұлар кейін қалды.

Бір апта өте, шықтана бастаған қалың көденің арасында, екі жас бірін-бірі аймалай құшақтап, жастық мауықтарын басты.

Күміс кеседей боп жарқырай туған Шолпан жұлдызы, сендер де мен тәрізді әлем бетінде жарқырай түсіңдер дегендей, құмар құшағындағы екі жасқа алыс-
тан жымың қағып қарап тұрды.

Байтабын бұл қылығын жүрегімді өртеген ләззат қуанышының қалауы десе, Алтыншаш қастасқан еріме деген кектің алғашқы қайтуы деп ұқты.

Осы бір бақыт түнгі кездескен екі албырт жүректің жібек жіптей нәзік сезімдері бірте-бірте үлкен махаббатқа айналды.

Ертеңіне, ел жатқан кезде Байтабын мен Алтыншаш осы арада тағы кездесті. Арғы күнгі түндері де осылай өтті. Ожар келе қоймады. Біріне бірі құмарта түскен екі жас, аңдыған көз бар екенін аңғармады. Күнде ел жата Алтыншаштың қара шапанын жамылып қара түнде сай бойына баратынын және оның таң сыз бере қайтатынын Ожардың оң көзі мен сол көзі Сәмен байқап қалған. Ләззат қуанышына беріліп, тас қайнардай ыстық қандары бұлқысып ойнаған екі жас мұны сезбеген. Күндегі кездесетін уақыттарын аңсай күтумен болған.

Сөйтіп жүргенде арада он шақты күн өтіп кетті. Байтабын бүгін де дағдылы әдетінше сайға барып Алтыншашты күтті. Бірақ келіншек келмеді. Түн ортасы да ауып кетті. Ожардың әлі қайтпағанын білетін Байтабын, таңға жуық қалғанда «Алтыншашқа не болды?» деп шыдай алмай ұрлана келіншектің үйіне қарай беттеді. Үй маңында суытқан ат, не болмаса түнде келген көлік көрінбейді. «Ожар әлі оралмаған екен» деп өз ойына сенген Байтабын ақ отаудың іргесіне етпеттей жатып, үй ішіне құлақ салды. Аздан кейін ол әйелдің талмаусыраған, қиналған даусын естіді. Бір сұмдықтың болғанын жүрегі бірден сезді. Атып тұрып, есіктің ішінен ілген тиегін жұлып түсіріп, үйге кіріп келді. Байтабынның бірден көргені, қара көлеңке үйдің ортасында теріс қарап тұрған Ожар болды. Білегіне дейін сыбанып алған. Оң қолында жүзі суық ақ қанжар. Анандай жерде тобылғы сапты жуан өрімді қамшы... Аяғының астында, үстіндегі көйлегі пара-пара болған, ұзын қолаң шашы үйдің тең ортасына дейін жайылып, аппақ денесі қан-қан боп етпетінен Алтыншаш жатыр...

Ожар әнеукүні Байтабындардан әдейі бөлініп қалған. Ол Таймастың бүгін-ертең келетінін білетін. Таймастың Сейтен екеуінің сөзін естіген-естімегеніне көзі анық жетпейтін-ді. Сондықтан бір сыбыс білінгенше бой тасалағанды жөн көрген. Хабардар болып тұруды Сәменге тапсырған. Көрші ауылдың қыстауында тығылып жатқан Ожарға сазды жердің сары жыланындай сыбдырын білдірмей жүрген сары жігіт әнеукүні Кенесары мен Таймастың Алтыншашты шақырғанын, Алтыншаштың олардан қатты жүдеп шыққанын, ал қазір Байтабынмен көңіл қосып жүргенін жеткізген. Ожар өзінің әшкереленгенін түсінген. Бірден Қоңырқұлжа аулына қайтып кетуге Алтыншашқа деген ашу тұсау бола берген. Жансыз келіп оны өлтіріп, Кенесары жасағынан біржолата қашуды ойлаған. Сол тілегін орындауға атын сайдың ар жағына тастап, ел әбден ұйқыға кіргенде ұрлана үйіне келген. Бұл кезде Алтыншаш жаңа ғана Байтабынға жетпекші боп киініп жатқан-ды. Қатыны оңашада қолға түскен Ожар, оған төсегінің ірге жағына тығып қойған қанжарын алуға мұрша бермей, іштен теуіп бірден есінен тандырып тастаған. Содан кейін Алтыншаш көзін ашқан кезде аузына орамал тығып үнін шығартпай, Тайжан мен Сейтенді қалай ұстап бергенін естіртіп, «Байтабынмен ойнас болдың» деп қамшының астына алған. Ол Алтыншашты енді қанжармен бауыздамақ боп тұрған мезгілінде үйге Байтабын кіріп келді. Мұны күтпеген Ожар, артында тағы кісілер бар ма деп қауіптеніп сәл кідіріп қалды. Осы кідіру Байтабынға жетті, ол атылған арыстандай секіріп барып, Ожардың қолындағы қанжарын жұлып алды. Содан кейін екі батыр жігіт арыстан мен жолбарыстай айқаса кетті. Байтабынның қолы Ожардың тамағына бұрын жетті. Ожар қанша бұлқынғанмен, құрыштай берік қарулы қол босатпады. Қос қолымен Ожардың өңешін қысқан қалпында Байтабын қатты да қалды. Тынысы тарылып, бойынан қуаты қашқан Ожар әлден уақытта Байтабынның кеудесінен итерген қос қолын босатып жіберіп, опырылған томардай дүңк ете құлады. Байтабын Ожардың өңешін сол қолымен қыса түсті де, оң қолымен жерде жатқан қанжарды алып, нақ жүрек тұсынан құлаштай ұрып сабына дейін кіргізді. Ентіге демін алып аздан соң орнынан түрегелді. Ол енді ұшып барып Алтыншаштың аузына тыққан орамалды жұлып тастап, кеудесіне қолын салды. Талықсып жатқан келіншектің жүрегі баяу соғуда екен.

Осы кезде адыр басына қызғылт нұрын шашырата төгіп көкжиектен күн шеті көріне бастады. Аздан соң өрісі кең, шалғыны мол дала тойға дайындалған қыз-келіншектей, қызылды-жасылды жаз аяғының гүліне бөленіп, салтанатты сәнімен шыққан күнді қарсы алды. Мөңіреген сиыр, маңыраған қой, оянған ауыл өзінің әдеттегі тіршілігімен жаңа ғана тыныш жатқан даланы у-шуға бөледі.



  15   16   17   18   19   20   21   22   23   24   25   26   27   28   29   30   Наступна

Бірінші бӨлім 10 страница | Екінші бӨлім 1 страница | Екінші бӨлім 2 страница | Екінші бӨлім 3 страница | Екінші бӨлім 4 страница | Екінші бӨлім 5 страница | Екінші бӨлім 6 страница | Екінші бӨлім 7 страница | Екінші бӨлім 8 страница | Екінші бӨлім 9 страница |

© 2016-2022  um.co.ua - учбові матеріали та реферати