загрузка...
загрузка...
На головну

Эклампсия

  1. Эклампсияны емдеу.

Эклампсия гестоздың ең ауыр түрі. Ми ұлпаларының оттегімен қоректенуі нашарлап, ісінуі салдарынан, жүйке жүйесінің жұмысы бұзылады. Әйел есінен танып, бүкіл денесі, бұлшық еттері құрысып, эклампсия басталады. Эклампсияны қазақша «жүкті әйелдің талмасы» десе де болады. Ол төрт кезеңнен тұрады:

1. Талудың алдыңғы кезеңі. Жүкті әйелдің есі кіресілі-шығасылы, дем алысы жиілеп, жүрегі қатты жиі соғып, қас-қабағы жыбырлап тартылады. Бұл кезең 20-30 секундқа созылады.

2. Тоникалық талма кезеңі әйел есінен айрылады, дем алысы тоқтап, терлеп, аузынан көбікті сілекей ағады, көз қарашығы үлкейіп, жағы қарысып қалады. Осы кезде ауру тілін тістеп алуы да мүмкін. Жүрек қағысы, тамыр соғуы нашарлайды. Дененің бұлшық еттері қатайып, сіресіп қалады. Бұл кезеңнің ұзақтығы 30 секундқа созылады, ол ана үшін де, нәресте үшін де қауіпті.

3. Клоникалық талма кезеңі. Әлгі қатып-сіресіп тартылған бұлшық еттер енді бірінің артынан бірі, кеудеден бастап, алдыңғы саннан, артқы аяқтарға қарай селкілдеп тартылып тарай бастайды. Әйелдің демі жоқ, ауыр қалпында, біртіндеп тартылғаны саябырлап, жақтары ашылып, аузынан қан, сілекей аға бастайды. Бұл кезең 40 секундтан 1,5 минутқа дейін созылады. Талма біткеннен кейін әйел ессіз қатты ұйықтап қалады. Кейде жүкті әйел осындай жағдайда бірнеше күннен айға дейін болуы мүмкін.

4. Ауру әйел есін жиып, өз-өзіне келе бастайды. Дем алысы, жүрек жұмысы дұрысталады. Аурудың беті қайта бастайды.

Жүктілік гестозының диагнозы

Жүкті әйелді әрдайым қарап, бақылап, қажетті тексерулерін жүргізіп отырса, гестозға диагноз қою онша киынға соқпайды. Әсіресе, ерте қойылған диагноздың мәні зор. Бұл ауруды уақытында емдесе, ол асқынбайды, ананың да, баланың да денсаулығы сақталады.

Гестозбен қандай жүкті әйелдер ауыруы мүмкін деген сұрақ туындайды. Әйелдер кеңес орнында әрбір учаске дәрігері алдын ала жүктілігі гестозбен асқынуы мүмкін деген әйелдерді ерекше топта бақылайды. Олар: көп босанған, жасы ұлғайып тұңғыш босанатындар (30-дан жоғары) және жасы 18-ге толмағандар, көп сулы жүктілік, етженді әйелдер. Осы айтылған топқа түрлі-түрлі науқастарды бар жүктіліктің бірінші жартысында және бұрынғы жүктіліктерінде токсикоз болған әйелдер де кіреді. Бірінші орында бүйрек ауруымен (пиелонефрит, гломерулонефрит, бүйрек тасы, т.б.), екінші орында жүрек-қан тамыр ауруларымен (гипертония, жүрек ақауы, ревматизм, т.б.) ауыратындар. Келесі орнында эндокриндік аурулар: қант диабеті, қалқанша, жыныс бездерінің ауруры. Бұл топқа жүйке жүйесі, бауыр, өт, асқазан, қан тамырлар аурулары да кіреді.

Гестоз бір күнде пайда болмайды, оның дамуына бірталай уақыт керек. Гестоздың клиникалық белгілері пайда болудан бұрын жүкті әйел ағзасында әр түрлі көзге елеусіз патологиялық өзгерістер жүріп жатады, мұндай жағдайды алдыңғы гестоз (претоксикоз) ден атайды.

Гестоз алдында болатын ағзадағы өзгерістерді білу үшін акушерлік тәжірибеде бірнеше қосымша сынамалар қолданады. Олар:

1. Салмақтың патологиялық артуы. Егер жүктілік екінші жартысынан асқаннан кейін әйелдің салмағы апта сайын 350-400 грамнан көбірек өссе, ол денеде «жасырын» ісінудің бар екендігін көрсетеді.

2. Қан қысымының асимметриясы: оң және сол қолдардың қан қысымының айырмашылығы сынап бағанасынан 10 мм көп жоғарылайды.

3. «Лабильді» (тұрақсыз) синдром. Мұнда жүкті әйелді тұрғызып, жатқызып қан қысымын екі рет өлшейді. Содан кейін оның бірнеше рет (7-10 рет) жүрелеп отырып, тұруын сұрайды. Осыдан кейін қайталап қан қысымын екі рет өлшейді. Екеуінің айырмашылығы сынап бағанасынан 10 мм аспауы керек, ал егер одан асса, әйелдің қан тамырларының жиырылу қабілеті өзгеріп, оның қозуының артқанын дәлелдейді.

4. Мак-Клюр-Олдрич сынағы. Бұл сынаманы қолдану арқылы ұлпаның суды тарту (гидрофильдігі) қабілетті анықталады. Ол үшін 0,2 мл физиологиялық ерітіндіні білектің ішкі бетінің төменгі жағындағы теріге жібереді, бұл жерде күлдіреу пайда болады. Бұл күлдіреу әдетте 40-45 минутта ұлпаға сіңіп кетуі керек, ал егер тез уақытта сіңсе (15-20 мин), ұлпаның гидрофильдік қабілетінің артқаны.

5. Қанның жалпы белогының, әсіресе, альбумин, глобулин фракцияларының төмендеуі.

6. Тробоциттердің азаюы - 160 мыңға дейін (әдетте 200-400 мың). Тромбоциттің санын 16-22-28 апталарда тексеру керек.

Гестоздың анық клиникалық белгілері пайда болғанда, диагноз қою қиын емес. Ол үшін жоғарыда айтылғандай күні бұрын әйелдің қан қысымын, зәрін, денесінде ісіктің бар-жоғын білу қажет.

Дұрыс диагноз қою үшін бірнеше лабораториялық тексерулер жүргізіледі:

1. Зәрді зерттеу. Зимницкий, Аддис-Каковский, Нечипоренко сынамаларын жасау керек.

2. Қанды зерттеу, әсіресе, қызыл қан түйіршіктеріне көңіл бөлу керек. Гестозда қаназдық жиі кездеседі. Тромбоциттердің санын да анықтау қажет.

3. Биохимиялық анализдердің ішінен өте маңыздысы мочевина мен креатининнің, қанттың, билирубиннің мөлшерін білу. Бауырдың функциясын білу үшін бауыр сынамаларын жасау керек.

4. Көздің түбін қарау өте қажет. Гестозға тән көз түбінде өзгерістер пайда болады, көк тамырлар кеңейіп, артериялары қатты тарылады (ангиопатия), кейде гестоздың өте ауыр түрінде көздің түбіне қан құйылып, көз торы қыртысынан бөлініп қалуы мүмкін.

5. Өте қажет анализдердің бірі коагулограмма. Қанның ұюы мен протромбиннің уақыты, фибриногеннің концентрациясы, әсіресе, фибриногеннің өзгерген түрлерін, тромбоциттердің агрегациялық, адгезиялық қабілеттерін анықтау.

Емдеу жолдары.Гестозды емдеу өте күрделі. Ол біріншіден оның түріне, әйелдің жағдайына, сонан соң жүктілік мерзіміне байланысты болады. Егер гестоздың асқынған ауыр түрінде әйелдің босанатын мезгілі жақындаса, оны емдей отырып, тез арада босандырудың оңай жолдарын табу керек. Ал гестоздың жеңіл түрінде жүктілік уақыты әлі жетпесе, әйел жағдайы жақсы болса, ең алдымен гестозды емдейді. Егер ем қонбаса не нәтижесіз болса, әйелді босандырудың қолайлы әдістерін іздеу керек.

Гестозды емдеу. Тек қана емханада, босану үйінде жүргізіледі.

1. Жүкті әйелдің жататын бөлмесі кең, ауасы таза, тыныш төсек тәртібі сақталуы қажет.

2. Тамақтану тәртібі. Тамақ жеңіл, тез сіңетін, жұғымды, ағзаға қажетті дәрумендерге, микроэлементтерге, ферменттерге, құнды белоктар мен көмірсуларға бай болуы керек. Сондықтан әйелдер көкөніс-жемістерді керекті мөлшерінде қабылдауды тиіс. Сонымен бірге сүт, жас ірімшік, қаймақ, айран, сиыр еті, балық сияқты тағамдарды да пайдаланғаны жөн.

Суды шамалап ішу керек, тәулігіне 800-1000 мл, тұзды мөлшерін де шамалағаны жөн. Әйелдер тағамды аз мөлшерде жиі-жиі (тәулігіне 4-5 рет) қабылдағаны дұрыс.

Кейде жеңілдік күндерін белгілейді. Бұл жағадайда науқас әйел күніне тек 600 гр ірімшік және бір шыны айран не болмаса 1,5 кг алма немесе 1 кг алма мен 250 гр ірімшік қабылдайды.

3. Жүйке қозуын басатын дәрілер. Көбіне дәрілік шөптер, валериан тамыры және т.б., триоксазин, элениум, электроанальгезия, электросон белгіленеді.

1. Қан қысымын төмендететін дәрі-дәрмектер. Гестозды емдеуде көптен бері қолданып келе жатқан дәрі магний сульфаты. Оны көбіне Бровкин әдісімен қолданады. 20 мл 25% магний сульфатын бірінші күні әр төрт сағаттан кейін, екінші күні әр алты сағаттан кейін (4 рет), үшінші күні әр 8 сағаттан кейін (үш рет), ал төртінші күні әр 12 сағаттан кейін (2 рет) бұлшық етке жібереді. Оны көк тамырға да құюға болады. Одан басқа спазмолитиктерден: но-шпа, баралгин, спазмолитин, папаверин, т.б. дәрілерді қолданады.

Раувольфин препараттарынан: резерпин, раувазан, рауседил, т.б.; қан тамырларын қоздыратын амин ингибиторларынан (антигистаминдер): димедрол, пильпольфен, супрастин допегит, метилдофа, клофелин, непроссол, дроперидол; ганглиоблокаторлардан: пентамин, арфонад, гигроний, бензогексоний; адреноблокаторлардан: онид, пироксан, нитроглицерин; қан қысымын төмендететін дәрілерден: эуфиллин, папаверин қолданылады.

Қан тамырлары қабырғасының өткізгіштік қабілетін жақсарту үшін рутин, аскорбин қышқылын, галаскорбин, кокарбоксилаза қолданады. Гестоздың патогенезінде гиповолемия үлкен роль атқарады. Қан белоктары сұйық плазманы ұстап тұратын қабілетінен айырылады да, ол тамырдың қабырғасынан өтіп, ұлпаларға тарайды. Сөйтіп, бір жағынан ісік пайда болса, екінші жағынан - қанның жалпы мөлшері азайып, гиповолемияға ұшырайды. Гестозды емдегенде осы жағдайды ұмытпау қажет. Сондықтан, волемиялық патологияны емдеу үшін ағзаға әр түрлі сұйық дәрі-дәрмектер құйған жөн. Олардың ішінен, әсіресе, қанның онкотикалық қысымын жақсартатын - гемодез, реополиглюкин, реглюман, альбумин, қанның қатырылған плазмасын, жаңа мұздатылған плазмасын, т.б. ерітінділерді қолдану керек.

Қанның реологиясын қалпына келтіру үшін трентал, курантил, компламин, никотин қышқылы, аспирин сияқты дәрілерді қолданады.

Қанның коагуляциялық қабілетін реттеу үшін гепарин, реполиглюкин - гепарин, глюкоза - гепарин - новокаин сияқты қоспалар қолданады.

Диуретикалық дәріден гипотиазид, фуросемид, лазиксті қолданады, бірақ бұл айтылған диуретиктерді абайлап қолдану керек. Егер гиповолемияны дұрыс қалпына келтірмей тұрып мөлшерден көп не ұзақ уақыт қолданса, керісінше зияны тиюі мүмкін. Әсіресе, гестоз асқынып, ауыр түріне айналады.

Жатырдағы нәрестенің гипоксиясы мен гипотрофиясына қарсы профилактика ретінде оттегі, Николаев үштігі, кокарбоксилаза, АТФ, сигетин, унитиол, галаскорбин, глютамин қышқылы сияқты дәрілер қолданылады.

Нефропатияны емдегенде бұл дәрілердің барлығын бір күнде бермейді, өйткені бір дәрінің өзіне тән бірнеше қасиеті болады. Мысалы, жоғарыда айтқан магний сульфаты қан қысымын төмендетеді, жүйке жүйесінің қозуын реттейді, ісінуді қайтарады, ми қуысының қысымын төмендетеді, қанның коагуляциялық жағдайын реттейді. Еске алатын тағы бір нәрсе гестозды ұзақ уақыт емдеуге болмайды. Қай дәріні болса да 10-12 күннен артық бермеген жөн, ал кей дәрілерді 1-2 күн қана, кейбіреулерін тіпті бір рет қана беру керек болады.

Преэклампсияны емдеу.Гестоздың бұл түрін емдегенде, жоғарыда көрсетілген қағидалар сақталуы керек.

Тез арада ауру әйелді босану үйіне жатқызу керек. Қатты ауырған науқастарды арнайы бөлмеге болмаса реанимациялық бөлмеге жатқызса тіпті дұрыс болады. Ал, егер, преэклампсияның белгілері үйде, жолда, жұмыста, әйелдер кеңес орнында болып қалса, жедел жәрдем машинасын шақыртып, дұрыс көмек көрсету керек. Ол үшін жағдай болса жылдам эфир-кислород немесе азотфторотан наркозын беріп, көк тамырға дроперидол, седуксен, димедрол, промедол сияқты ерітінділер құяды. Ауру әйелді «нейролепсия» қалпына жеткізгеннен кейін әйел ұйықтап кетеді. Бұл нейролепсия күйі әйелге психоэмоционалдық тыныштық береді, жүйке жүйесін қорғайды. Осыдан кейін қан қысымы төмендей бастайды. Басының ауырғаны азайып, кейін қояды. Әрі қарай, жоғарыдағы нефропатияны емдеу жолын ұстанады. Бірінші күннен бастап жүкті әйелді босандыруға дайындайды. Егер қолданған қарқынды ем 4-6 сағаттың ішінде нәтиже бермесе, әйелді тез арада босандырып алу керек.



  86   87   88   89   90   91   92   93   94   95   96   97   98   99   100   101   Наступна

Цовьянов әдісі | Аяқпен жатқан нәрестені туғызудағы Цовьянов әдісі | ХІІІ ТАРАУ. КӨПҰРЫҚТЫ ЖҮКТІЛІК | Көп ұрықты жүктіліктің ағымы | Көп ұрықты жүктілікті диагностикалау | Көп ұрықты жүктілік кезінде босануды жүргізу | Гестоздың анықтамасы, түрлері , жиілігі | Гестоздың пайда болу себептері мен даму жолдары | Ерте гестоздар | Жүктілік кезінде болатын критериялар, гипертензиялар |

загрузка...
© um.co.ua - учбові матеріали та реферати